«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Тараз қалалық фронт-офис мамандары әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірге автокөлік иелеріне жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру әдісін түсіндірді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет пен қойған қолының скан-көшірмесін де жолдап, лайықты төлем төлеуі керек. Жүргізуші куәлігі үшін төленетін баж 1,25 АЕК яғни (3007 теңгені) құрайды.
Дайын құжатты тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға немесе жол полициясының ТЕБ-нен алуына болады. Алуға барған куәлік иесі өзімен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басын куәландыратын құжат, психологиялық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы ала баруы шарт.
Мәселен, Төле би көшесімен өткен көлік жүргізушілері куәліктерін онлайн тәртіпте электрондық үкімет порталы арқылы қалай ауыстыруға болатындығы туралы хабардар етілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтар жүргізуші куәлігін электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы ауыстыра алатындығы туралы хабарланған болатын. Қазір бұл қызмет Астана, Алматы қалалары мен басқа да облыс орталықтарының тұрғындарына ұсынылуда.