Таразда әлемдік былғары қолғап шеберлері бас қосады

0 18

14 сәуір күні Тараздағы  «Тараз — Арена» спорт кешенінде бүкіләлемдік бокс сериясының сегізінші маусымындағы «Астана — Арланс» командасы мен Қытайлық «China Dragons» командасы арасындағы жекпе — жек өтеді. Осыған орай облыс басшысы «Тараз — Арена» спорт кешеніне барып дайындық жұмыстарының барысымен танысты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.

Бүкіл әлем көз тігетін бұл жарысқа дайындық та жоғарғы деңгейде ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда арнайы үстелдер қойылып, кешеннің ең үлкен залына ринг орнатылды. Сонымен қатар, төрешілер бұрышы мен спортшылар шығатын қазақ үй де тігіліп жатыр. Жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын көрген облыс әкімі алдағы кездесуде Қазақ елінің намысын қорғайтын боксшылармен кездесті. Оларға Жамбыл жері талай спорт тарландарын түлеткен өлке екендігін айтып, алдағы ойындарға сәттілік тіледі. Шыныда, «Астана -Арланс» командасында Қытайларға қарсы 5 спортшы шықса, олардың ішінде Асланбек Шымбергенов пен Нұрсұлтан Аманжолов Жамбыл бокс мектебінің түлектері.

«Жақсы кездесу күтілуде. Бокстан бөлек, түрлі қызықты іс шаралар өтеді. Олардың ішінде көрермендерге боксшылардың қолғаптарын аукцион арқылы ойнатып, одан түскен қаражатты мұхтаж жандарға бөлеміз. Сол үшін осындай кездесулерден кеш қалмаңыздар дегім келеді», — деді «АСТАНА -АРЛАНС» директоры Бақтияр Артаев.

Одан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Тараз — Арена» спорт кешенінің ішін аралап көрді. Сегіз гектарға жуық жерді алып жатқан «Тараз Арена» спорт кешені күніне 2500 келушіні қабылдауға арналған. Мұнда қазір 12 үлкен зал, бір асхана, бассейн, жаттығу залы мен түрлі спортпен шұғылданатын бөлімдер бар. Жалпы, кешенде спорттың 18 түрімен айналысуға болады. «Тараз –Арена» спорт кешешінің мүмкіндіктерін көрген өңір басшысы алдағы уақытта Жамбыл жерінде бұдан басқа да спорт кешендерін салу жұмыстарына күш салатындығын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.