12 сәуірде ҚР Сенат Парламентінің депутаттары «Қазақфильм» киностудиясында көшпелі отырыс өткізді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Алматыда Ш.Айманов атындағы киностудияда Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отандық кинематографистерімен кездесуінде «Кинематография туралы» заң жобасы талқыланды.
«Кинематограф тәрбиелеу, иделогиялық құндылықтарды дәріптеудегі басты құралдардың бірі болып табылады. Қоғамның интеллектуалды және мәдени дамуының қозғаушы күші», — деп белгіледі комитет төрайымы Бірғаным Әйтімова.
Жиында қазақ кинематографиясының бүгінгі жағдайы, түйіткілді мәселеллері, сапасын көтеру, ұлттық фильмдердің бәсекелестігін арттыру, аймақтағы мекендерге кинокөрсетілімдердің қолжетімді болуын, отандық киноның шетелде мойындалуын зерттеп жатқандығы айтылды.
«Бүгінде «Қазақфильм» киностудиясы – ұлттық бренд және Қазақстан киноиндустриясының қозғаушы күші. Біз – Қазақстанның кинематографистері еліміздің «Кинематография туралы» заңын күтіп жүргенімізге көп болды. Бұл заң: кинематографистердің, кино өндірушілердің, прокатшылардың, дистрибьюторлардың жұмысын реттеп отырады, кино индустрияның экономикалық тетіктерінің дамуын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар салықтық артықшылықтар, кедендік жеңілдіктер және мемлекеттік субсидиялау механизмі сияқты нарықтық механизмдер арқылы жағымды инвестициялық климат қалыптастырады», – деді киностудия Президенті Бақыт Қайырбеков.
«Бұл киностудия еліміздің барлық киногерлерін біріктіретін ортақ бір шаңырақ. Осы жерге бәріміз жиналып кино төңірегінде әңгіме құрамыз. Сондықтан да киностудияның территориясы тек мемлекетке ғана тиесілі болып, жеке меншікке өтпеуі тиіс. Киностудияға ұлттық компания дәрежесін қайтару керек, — деді КСРО халық артисі А.Әшімов.
«Киностудияға қазақ киносының мұражайы керек екендігін түсіндік. Өйткені еліміздің мәдени құндылықтарының барлығы осы жерде. Осы жөнінде біз депутаттық сауал жолдайтын боламыз», — деді экскурсия соңында депутат Бақытжан Жұмағұлов.
Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ – көркем, деректі, анимациялық кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеңде тұрған өнімдермен (оның ішінде монтаждау, дыбыстау, т.б.) айналысатын Қазақстандағы негізгі кинокомпания. Тарихы 1934 жылдан бастау алатын, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылған, ал 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияның өндірістік негізі барынша нығая түскен. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм және «Ленфильм» киностудияларымен бірлесіп, Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылып, Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді. Соғыс жылдары кезеңінде отандық көркем фильмдердің 80 пайызын аталмыш Орталық киностудия шығарды. 1960 жылы «Қазақфильм» атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияның көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.