Ақмола облысында автобус өртенді. Көкшетау ІІБ ЖПҚ қызметкерлері автобустағы 25 жолаушыны эвакуациялады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Оқиға 13 сәуірде сағат шамамен 23.00-де Көкшетау қаласына кіре берісте болды. Облыстық ІІД мәліметтері бойынша,»Көкше-Цемент» АҚ-ға тиесілі автобус Біржан Сал ауданы Заозерный ауылынан жұмысшыларды алып келе жатқан. Салонда 25 жолаушы мен жүргізуші болды.
«Жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қадағалайтын ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері шұғыл түрде шара қолданып, автобустағы жолаушыларды эвакуациялады және құтқару қызметіне хабарлады», — деді Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, өрт ауыздықталды, жүргізуші мен жолаушылар зардап шеккен жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт электр сымдарының тұйықталуынан болған. Тексеру жүріп жатыр.
Дереккөз: Tengrinews.kz