Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында шағын несие беру екі есеге артады

0 0

Мәселен, ауданда биылғы жылы 53 адамды несиемен қамтуға 420 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.

Жыл соңына дейін несие қаржысын 820 миллионға жеткізу жоспарланған. Мұны естіген ауылдық ағайын қазір құжаттарын жинақтап, кәсіп бастауға қамданып жатыр.

Сәтжан Мамырбаев несиені көктемгі дала жұмыстарын жалғастыру үшін алмақ. Өзінің жинаған ақшасын ауыл шаруашылығына қажетті техника алуға жұмсаған. Ал шаруаны әрі қарай жүргізуге қаржысы жетпей қалыпты. Ол бұған дейін де пайызы жеңіл несиені өз ісін дамытуға жаратып үйренген. «Қаржылай қиындықтар кезінде мемлекеттің қолдауы шаруаларға үлкен жәрдем», – дейді шаруа.

Сәтжан Мамырбаев, шаруа:

— Қазір де құжатты дайындап, несие алайық деп жатырмыз. Бұрынғы кезде кейбір кісілердің құжаты тура болмай жатады. Ол құжатты жөндеймін деп жүргенде уақыт өтіп кетеді. Ақша жетпей қалып жатады. Ондай мәселенің бәрі өзі түбегейлі шешіліп, қазір несие аламын, тірлігімді жандандырамын деген кісілердің бәріне ешқандай қиындық жоқ деп ойлаймын. Ақша жетеді. Тек қана тірлік істеу керек.

Кезінде 30 гектар жерге егін егіп бастаған кәсіп иесі егістік алқабын 30 мың гектарға жеткізген. 4 отар қой, 100-ге тарта сиыр ұстайды. 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал қазір маусым кезінде 50 азамат еңбекке тартылған.

Болат Оспанов, жұмысшы:

— Мал төлдетіп жатырмыз. Құдай қаласа, аман-есен төлдетіп, малдың әр жүз басына 114-тен қозы берсек деп жатырмыз. Малшыларымыз бар. Малшыларымызға 100 мыңның төңірегінде айлық төлейміз. Жұмысшыларымыз 70-80 мың төңірегінде айлық алады.

Елбасының төртінші әлеуметтік бастамасы ауылдық ағайынды ынталандырып отыр. Қазір Тұрар Рысқұлов ауданында шағын кәсіп бастаймын деп несие кезегінде тұрғандардың саны 400-ге жеткен. Тағы 200-ге тарта азамат «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқып, үйреніп алды.

Сапар Құлманов, аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

— Елбасының тапсырмасы бойынша екі есеге артады деп жоспарлап отырмыз. Яғни 100-ден аса азамат 820 миллион теңге шағын несие беріледі деп жоспарлап отырмыз. Былтыр ала алмай қалған, қаражат жетіспей қалған азаматтар үлкен мүмкіндікке ие болып отыр.

Жоспар бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша шағын несие беру 15 сәуірден басталады. Қазірдің өзінде кәсіп ашқысы келген 33 адамға жолдама берілген.

Дереккөз: Baq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.