Қазақстан азаматтары шетелге шыққанда кейде күтпеген әрі күрделі жағдайларға тап болып жатады. Соның бірі — барған елдің әуежайына келген кезде сол мемлекеттің билігі азаматтарымызды әртүрлі себептермен елге кіргізуден бас тартатын жағдайлар бар. Мұндай келеңсіздіктердің себебі неде? Бұл туралы «Zhambylnews» АА хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мәселен, осы жылдың ақпан айының 20-ы кезінде Корея Республикасына барған 20 қазақстандық азаматты жергілікті билік себебін еш түсіндірместен әуежайда қалуға мәжбүр еткен. Осы ретте мынадай сұрақтар туындайды: Әлемнің қандай мемлекеттері көп жағдайда қазақстандықтарды ел ішіне кіргізуден бас тартып жатады? Көп жағдайда мұндай келеңсіздіктерге қандай жайттар себеп болады?
ҚР СІМ жауабына сүйенсек, ҚР мен Корея Республикасы арасындағы келісімге (2014 ж.) сәйкес Қазақстан азаматтары жарамды жол жүру құжаттары бойынша (ҚР ұлттық паспортымен) визасыз туристік мақсатпен, іскерлік сапармен, емделу және сауығу мақсатымен, жеке сапармен (туысқандарына, достарына және таныстарына) Корея Республикасында 30 күн бола алады.
«Осы ретте, аталған келісімнің ережелері Кореяда келесі мақсатта баратын тұлғаларға қолданылмайды. Олар: жұмысқа орналасу, оқуға түсу, тұрақты тұру және миссионерлік мақсат», — деп жауап берді сұраққа ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сатыбалды Бұршақов.
Қазақстаннан Кореяға аттанардан бұрын Корея Республикасының Астанадағы Елшілігінде немесе осы елдің Алматыдағы Бас консулдығында тиісті санаттағы визаны алдын ала ресімдеу қажет. Ол болмаған жағдайда Корея Республикасының заңнамасына сәйкес осы елдің көші-қон билігі бұл тұлғаны елге кіргізуден бас тартуы және депортациялауы мүмкін.
«Корея Республикасының заңнамасына сәйкес, осы елдің көші-қон қызметінің қызметкерлері мәлімделген сапардың мақсаты іс жүзіндегі ниетімен сәйкестігін анықтау үшін кез келген шетелдік азаматтардан әуежайда сұрау жүргізіледі. Азаматтардың жауаптарында айырмашылық болған жағдайда олардың елге кіргізбеуге құқылы екеніне назар аудару керек.
Осыған орай, Корея Республикасына баратын барлық Қазақстан азаматтарына сапар мақсатына қарамастан кері қайту билеті және қонақ үйді брондау қағазы болуын, көші-қон картасында өзінің сапарының мақсатын нақты көрсетуін, Кореяда уақытша тұратын мекен-жайын, күтіп алушы яки шақырушы тұлғаның (ұйымның) аты-жөні, атауы және байланыс мәліметтерін толық көрсетуге кеңес береміз. Күтіп алушы Сіздің визасыз 30 күннен аспайтын мерзімде Корея Республикасында заңды болуыңызға және уақтылы елге кері қайтуыңызға кепіл болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, Кореяның көші-қон билігі сізді елге кіргізуден бас тартуы ықтимал», — дейді Сатыбалды Бұршақов.
ҚР СІМ-нің хабарлауынша, сонымен қатар Қазақстан азаматтары Түркиядан бірнеше себеппен шығарылып жіберілуде. Соның ішінде ҚР тарапынан іздеудегі күдіктілер туралы ақпарат жіберілгенде Түркияның тиісті органдары олардың елге кіруіне тыйым салады. Бұндай азаматтар паспорт бақылауынан өткізілмей, келген мемлекетіне немесе тікелей Қазақстанға шығарылып жіберіледі.
«Бұған қоса 2016 жылы Түркияда төңкеріске сәтсіз әрекет жасалғаннан кейін Ф.Гүленшілерді терроршылар деп таныған Түркия билігі олармен бұрын байланыста (істес, кездесу т.б.) болған деген желеумен кейбір ҚР азаматтарын елге кіргізбеу туралы шешім қабылдап, оның себебін түсіндірмеуде. Түркияның құзыретті органдары түрлі себептермен елдің қоғамдық тәртібіне және қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін тұлғалардың кіруіне шектеу қоя алады. Жалпы, бұндай шешім қабылдау әрбір тәуелсіз мемлекеттің өз құзыретіндегі мәселе екенін атап өтеміз», — делінген жауапта.
ҚР СІМ сондай-ақ, қазақстандықтардың америкалық визаны Қазақстандағы АҚШ Елшілігінен немесе Бас консулдығынан алған соң, аталған елге ешбір кедергісіз кіре алатыны туралы пікірлері мүлдем дұрыс еместігін ескертеді. Азаматтардың шекарадан өту-өтпеуі паспорт бақылауындағы Кеден және миграция қызметінің өкіліне байланысты.
«Көбінесе, біздің азаматтар туристік санаттағы визаларды алғандарына қарамастан, паспорттық бақылауда жұмыс істеу мақсатымен келе жатқанын жеткізеді. Осыдан кейін автоматты түрде депортацияға ұшырайды. Сондықтан да паспорт бақылауында Кеден және көші-қон қызметінің өкілі келу мақсатына қатысты сұрақ қойған жағдайда, біздің азаматтар белгілі мақсатта берілген санаттағы визаға сәйкес жауап беруі қажет», — дейді.