«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасында полицейлерге жүргізушілерді сот шешімінсіз куәлігінен айыру құқығын беру қарастырылған
ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полицейлерге сот шешімінсіз жүргізуші куәлігінен айыруға рұқсат ету ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Азаматтардың құқығын шектейтін дүниелер, яғни куәліктен айыру, әкімшілік қамауға алу және тағы басқа, мұның бәрі тек сот тәртібінде шешілуі тиіс. Біздің позициямыз осындай», — деді министр үкімет кулуарында.
Айта кетсек, жүргізуші куәлігінен айыру құқығын полицейлерге беру туралы ұсыныс қоғамда біраз шу туғызған болатын. Куәліктен айыру туралы істерді сот құзыретінен ішкі істер министрлігіне тапсыру «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасында айтылған.