Елімізде медициналық техниканы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бүгінде құны 5 млн теңгеден жоғары медициналық құралдарға аудит жасалды. Оның қорытындысы бойынша бірнеше заң бұзушылық анықталды. Әсіресе сатып алынатын жабдықтар бағасының тым қымбат болуы, кей жағдайда тіпті жұмыс істемей тұрып қалуы, сондай-ақ міндетті сервистік қызметтің көрсетілмеуі жиі кездеседі. Қазір аудит қорытындысының құжаттары Есеп комитеті мен құқық қорғау органдарына жіберілді. Тергеу шаралары жүргізіліп, 145 млн теңге мөлшерінде бюджетке келтірілген шығын өтелген.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
«Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы медициналық техниканың тозуы 35%-дан астам. Осыған байланысты медициналық техниканы жаңартуға деген қажеттілік жыл сайын 96 млрд теңгені құрайды. 2016 жылдан бастап 2018 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 128 млрд-тан астам теңгеге медициналық техника бірлігі сатып алынды. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық жарақтандыруға жалпы трансфеттер негізінде қаржы бөледі».