Облыстық әкімдікте сексеуіл ағашын заңсыз отаушылармен күрес туралы айтылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов сексеуіл ағашы аумағын ұлғайту, заңсыз ағаш кесуге қарсы күресті күшейту және жоспарлы негізде жасыл екпелерді жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Сексеуілдің жерді шөлейттенуден сақтайтын қасиеті бар. Елімізде сексеуіл кесуге қатаң тыйым салынғанына қарамастан, бұл мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Облыс бойынша 90 әкімшілік хаттама толтырылып, 10 қылмыстық іс қозғалды. Браконьерлермен күрес жалғасуда»,-дейді жергілікті табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Заурбеков.
Облыс әкімі сексеуілді сақтаудың бір жолы өңірде орман тәлімбағын дамытуды қолға алу керектігін айтты.
«Жеріміз қолайлы, су жеткілікті. Неліктен сексеуілге өсіруге арналған тәлімбақ жасамасқа? Көшеттерді әкелу үшін көп ақша қажет. Оны өзіміз де өсіре аламыз»,-деді әкім.
Жыл сайын Жамбыл облысында 5 мың гектар жерге көшет отырғызылып, орман ағаштарының тұқымы себіледі. Биылғы күзде 5,3 мың гектарға жерге орман тұқымы себіліп, жүз гектар жерге уақытша тәлімбақ жасау жоспарланып отыр, бұған 106,3 млн теңге қаржы қажет.