Тараздық 20 жасар бойжеткен биік ғимараттан секіріп кете жаздады,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
«Болашақ» колледжінің студенті өзінің биік ғимараттан секіретінін құрбыларының біріне хабарласып айтыпты. Осы қоңыраудан кейін оқу орны басшылары, психолог пен студенттер орталық мешіт маңындағы құрылысы аяқталмаған ғимаратқа жедел жеткен.
Құқық қорғау органдары өкілдері мен төтенше жағдай, медициналық қызмет те оқиға орнына келді. Екі сағатқа жуық уақыт қызды бұл ойдан бас тартуға үгіт жүргізілді.
Орталық мешіт жанындағы медресе шəкірті Ұзақбай Медетбайұлы да көмекке келген. Ол алтыншы қабатқа көтеріліп, полицейлермен бірлескен əрекеттің нəтижесінде қыздың қолынан ұстап қалып, ғимарат жиегінен алып кетті. Студентке көмек көрсетіліп, жедел жəрдем көлігімен алып кетті. Колледж қызметкерлері өз студенттерінің не себепті мұндай əрекетке барғанын түсінбей отыр.