Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздегі мектеп бітіру кештерін қалай ұйымдастырылу қажеттігіне қатысты өз пікірін білдірді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бұл мәселені мектептегі қамқоршылық және мұғалімдер кеңесі, ата-аналар комитеті шешеді. Өздері нені қаласа, солай тойласын. Біз балаларға тыйым салатындай позиция ұстанып отырған жоқпыз», — деді Үкімет отырысынан шыққан министр.
Осы орайда Ерлан Сағадиев мектеп бітіру кешін ұйымдастырған кезде ысырапшылдыққа салынбау қажеттігін алға тартты.
«Мен олардың лимузинда қыдыруына, әрі қыруар ақша жинап, мектеп бітіру кешін шоуға айналдыруға моралдық тұрғыдан қарсымын. Бірақ екінші жағынан мен оқушылардың таңды қарсы алуына, мектеп бітіруі кешіне тыйым салуына қарсымын. Менің ойымша, бұл мәселені адам сияқты талқыға салу керек. Ешкімді мәжбүрлемейміз. Егер мектеп бітіру кешіне келгің келмесе, келмеуге де болады. Бірақ бұл оқиға 11 жылда бір-ақ рет болады ғой. Менің ойымша, (мектеп бітіру кешіне – автор) тыйым салуға болмайды», — деді ведомство басшысы.