Астананың 20 жылдығына орай, Қазақстан Ұлттық музейінде «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастары құжаттарының» көрмесі өтеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылады.
Құжаттар Түркия Республикасы Премьер-Министрлігіне қарасты Ұлттық мұрағаттар басқармасының Османлы мұрағатынан алынды. Құжаттардың арасында 1713 жылы Қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының хаттары сияқты өте маңызды жәдігерлер тұңғыш рет Қазақстан халқына ұсынылады. Сондай-ақ қонақтар Бұқара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің байланысын көрсететін хаттар, маңызды құжаттар мен карталарды да көре алады.
Қойылатын экспонаттардың арасында Түркия Ұлттық архивінің тартуы ретінде қазақтардың Түркияға көшіне қатысты қосымша құжаттар да бар. Көрме 15-20 мамыр аралығында ҚР Ұлттық музейінде өтеді.