Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының Мерей орта мектебінде осыдан 11 жыл бұрын Мәншүк Мәметова атындағы іздеу отряды құрылған болатын.
Содан бері отряд мүшелері шайқас орындарында болып, жауынгерлердің сүйектерін тауып, қайта жерлеумен айналысып келеді. Отрядтың туған өлке тарихын түгендеуге де қосқан үлесі зор. Былтыр тасқалалық өрендер Жәнібек ауданында болып, 1942 жылы құлаған ұшақ қалдықтарын қазып алса, биыл Шоңғай ауылында қаза тапқан 38 десантшының жерленген орнын іздеп қайтты.
Мерей орта мектебіндегі шағын мұражайдың экспонаттары ерлік тарихынан сыр шертеді. Шұрық-тесік каскалар мен ұңғысына дейін балқып майысқан қаруларды мектеп оқушылары соңғы 10 жылда жер астынан тауып шығарыпты. Ал осы қару иелері, яғни шайқас кезінде көз жұмған сарбаздар қайта жерленген.
Сергей Лапшин, іздеу отрядының командирі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
«2007 жылы ғой, ақтөбелік әріптестер хабарласып, соғыста қайтқан сарбаздарды іздеуге барасың ба деп ұсыныс тастағаны. Бірден келістім. Себебі менің атамның 3 бауыры осы соғыста қаза тапты. Біз Отан қорғау жолында жанын құрбан еткендерді ешқашан ұмытпауымыз тиіс».
Содан бері 10 оқушыдан құралған іздеу отряды жыл сайын сәуір айында Новгород облысына барады. Ерлер етігімен қан кешкен майдан даласында әлі талай боздақтың сүйегі жатқаны мәлім. Мәселен, 2016 жылы батысқазақстандық жас ізшілер 39 сарбаздың мәйітін тапқан.
Сергей Лапшин, Іздеу отрядының командирі:
«Бара жатқанда балалар ойнап күліп, шетке шыққандарына қуанышты болады. Ал барған соң бірінші күні олар күрт өзгереді. Соғыс құрбандарының мәйіттерін тапқандағы көздеріне қарасаңыз. Тіпті танымай қаласыз. Сапардан есейіп, ой қосып қайтады. Әскери-патриоттық тәрбие беруде осындай шаралардың маңызы өте зор деп санаймын».
Дегенмен соңғы екі жылда іздеу отряды қаржы тапшылығынан Ресейге шыға алмады. Есесіне, жас іздеушілер туған өлке тарихына ден қойған. Былтыр олар Жәнібек ауданынан 12 шақырым жерде құлаған кеңес ұшағының қалдықтарын қазып шығарған.
Бекзат Сағидин, Мәншүк атындағы іздеу отрядының мүшесі:
«Бұл зат ұшақ қалдықтары болып есептеледі. Және біз көптеген тағы да басқа заттарды сол Жәнібек ауданы қасынан тапқанбыз. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін мақтан тұтып, осы жорықтарға шығамын. Мына жердегі және анау қазып жатқан жерде басқа сезім болады. Денем тітіркеніп деген сияқты».
Сталинградқа жақын болғандықтан теміржол бойындағы Жәнібек, Сайқын стансалары 42 жылы жау ұшақтарының толассыз шабуылына ұшырады. Еділ бойына жете алмай, көз жұмғандар бауырластар зиратында жерленген. Алайда тарихтың ақтаңдақ тұстары да аз емес.
Сергей Лапшин, іздеу отрядының командирі:
«Шоңғай ауылында 1942 жылы 38 десантшы қаза тапқан. Олар майданда жараланып, медпойызбен келе жатқанда бомбалауға ұшыраған. Санитарларды бөлек, жауынгерлерді бөлек жерлеген. Бірақ олардың орындары әлі табылмай отыр. Біз жақында барып қайттық. Бірақ нәтиже шығара алмадық».
Ешкім де ұмытылмауы тиіс. Осы ұранды ұстанған іздеу отряды Бөкей Ордасы ауданындағы жұмыстарын тамыз айында жалғастырмақшы.
Дереккөз: 24kz