Таразда Ұлы Жеңіс мерекесі тойлануда

0 18

Биыл Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына орай өтетін мерекелік іс-шара Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында ерекше салтанатпен бастау алды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.

Олай дейтініміз, аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен «Ерлік» мемориалдық кешенінің құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айынан басталған болатын.
Жұмыскерлердің, жалпы осы құрылысқа қатысты адамдардың бәрінің күндіз-түні еңбектенуінің нәтижесінде саябақтың келбеті бүгінде адам танымастай өзгерді.

Айта кетерлігі, мемориалды кешеннің ортасына облыстық драма театрдың бір шетінде тұрған Бауыржан Момышұлының ескерткіші әкелініп, тас тұғырға орналастырылды. Ал ескерткіш алдынан «Мәңгілік алау» орын тапты.

Сондай-ақ Жамбыл облысынан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар бой көтеріп, олар жеке-жеке тұғырға орнатылып, тұғырдың орта тұсына көзсіз ерлік көрсеткен жауынгерлердің кеудесіне тағылған «Алтын жұлдыз» медальдарының ұлғайтылған көшірмелері ілінді.

«Батырлар аллеясынан» аса берген тұста кірпіштен өріліп, гранитпен қапталған 6 қабырға қаланды. Бұл – «Даңқ аллеясы». Онда Жамбыл облысынан майданға аттанған 105 мың жауынгердің есімі қашалып жазылды.

Сондай-ақ, кешеннің екі бас қақпасы биіктігі 8 метр, ені 13 метрлік мәрмәр, травертин тастарынан қаланды. Онда күзет сақшыларының мүсіні қойылды.

Алдағы уақытта саябақ аумағында соғыс, тыл ардагерлеріне арналған «Даңқ залы» бой көтермек. Интернационалист жауынгерлерге арналған мемориал да орнатылады. Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтары және Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға арналған ескерткіштер қойылады.

Құрылыс жұмыстарынан бөлек, мұндағы ретсіз өскен тал-дарақ кесіліп, ағаштар бұталған. 15 мың шаршы метрді құрайтын аумаққа құйматас төселіп, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар саябақты жағалай өтетін «Үшбұлақ» каналының бойында тазарту жұмыстары жүруде. Болашақта жағалауда демалушылар үшін жағажай жасалып, веложолдар салынады.

Еске сала кетейік, ел тағдыры, жер тағдыры сын сағатта түскен кезде 400 мыңдай халқы бар бір ғана Жамбыл облысының өзінен майданға 100 мыңнан аса адам аттанған болатын.

Қайсар мінезді жерлестеріміз батырлық пен елжандылықтың жоғары үлгісін көрсетті. 39 жамбылдық Кеңес Одағының Батыры атанса, 9 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері болды. Биыл ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне, оларға теңестірілгендерге, тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік көмек ретінде 116 млн.теңге жергілікті бюджеттен төленді.

Өз кезегінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығына орай өтетін мерекелік іс-шарада жеңілмейтін адам рухы мен жанқиярлықтың, батылдық пен өшпес даңқтың нышанына айналған «Қаһарман Ұлт – Бессмертный полк» шеруі ұйымдастырылды. Шеру екі бағытта: «Достық» алаңынан «Жеңіс» саябағына дейін және А.Сухамбаев ескерткішінен «Жеңіс» саябағына дейін жүріп өтті.

Одан соң «Мәңгі алау» отын «Ерлік» мемориалдық кешеніне салтанатты түрде көшіру рәсімі, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған қолбасшы Б.Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі орындалды.

Жоғарыда айтылған «Ерлік» мемориалдық кешенінде іс-шаралар мерекелік концертпен және суретшілердің театрландырылған қойылымымен жалғасып, кешкі уақыттағы отшашумен аяқталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.