Қасым Қайсеновтың көзін көрген адамдарды тыңдасаңыз «Қасым осылай депті» деген сипаттағы біраз әңгімеге қанық боласыз. Осындай естеліктердің бірін батыр оқыған Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданы Бестерек ауылындағы мектептің (бұрынғы М.Горкий — бүгінгі Ғ.Салықұлы атындағы орта мектеп) зейнеткер ұстазы Күлмай Сембаева айтып берді.
Батырдың көзін көрген ұстазды тыңдайсыз да, осыдан тура елу жыл бұрын қыстың көзі қырауда сонау Алматыдан өзі оқыған мектепке ат арытып келген, ел ағасы деген атқа лайық Қасым Қайсеновтың азаматтығына бас иесіз.
«Менің есімде ерекше қалғаны, 1968 жылдың желтоқсан айының басында Ұлан ауданы Бестерек ауылындағы мектептің 50 жылдық мерейтойы болды», — деп бастады әңгімесін Күлмай Сембаева. — Ол кезде оқушы едік. Мектеп директоры Жүнісбек Ғайсин ағай болатын. Мектеп ұжымымен бірге ауыл азаматтары бірігіп, ерекше дайындыққа кірісіп кетті. Балалардың оқу үлгерімі, саналы тәрбиесі алдыңғы қатарға қойылды. Мектеп ішінің безендірілуі, ауылдың тазалығы қадағаланды. Мектеп түлектері, түрлі салада қызмет етіп жүрген сыйлы адамдармен қатар бір кездері Салықтың Шөже мектебі (Ұлан ауданында Салық атты молда ең алғашқы қазақ мектептерінің бірін ашқан), кейін Горький аталған мектептің бастауыш сыныбында оқыған соғыс ардагері, әйгілі партизан атамыз Қасым Қайсеновтың да шақырылғанын естідік».
Әлбетте, Кеңес одағына аты шыққан батырдың келетінін естіген ауыл халқы ерекше қуанысқан екен. Сонау Алматыдан аты әйгілі Қасым Қайсеновтың ауылға, шынымен, келетіні яки келмейтіні ауыл жұртшылығы үшін ду-ду әңгіме. Мектептің елу жылдығына дайындық қызу жүріп, концерттік бағдарлама даярланып, ауыл жастарынан арнаулы топ құрылып, оқушылар партизан жазушының соғыс жайлы жазған кітаптарынан, өмірбаянынан қосымша мағлұматтар жинай бастайды. Қазақ әдебиеті, тарих сабақтарында осы тақырыптарда ашық сабақтар, сынып сағаттары, соғыс ардагерлерімен кездесулер өтеді. Тіпті ұлдар сабақтан кейінгі бос уақытта тауға шығып «партизан» деген соғыс ойынының түрін ойлап тауып ойнап жүреді екен. Кітапханада Қасым Қайсеновтың кітап көрмесі қойылып, оқушылар ауылдағы көнекөз қарттардан Қасым батыр жайлы білетіндерінен деректер жинап, қабырға газеттері шығарылады. Ауыл клубының сахнасына әдемі шымылдық ілініп, көркемделеді. Міне, осылайша көп өтпей белгіленген мерзім де келіп жетіпті.
Алайда мектеп мерекесін өткізер күні ауа райы күрт бұзылып, күн борандатып, қалың жауған қармен бірге аяз қыса түседі. Белгіленген күні шақырылған адамдар жеткенімен, Қасым Қайсенов келмепті. Ауылға «Өскеменге келіпті, бірақ жол жоқ болғасын, ауылға жете алмапты» деген хабар жетеді. Амалсыздан кешірек болса да мереке басталып кетеді. Жұрт көп жиналып, клубтағы сахна төрінде қызыл матамен жабылған ұзын стол басында аупартком хатшысы Оралбек Малдыбаев, мектептің алғашқы ұстаздарының бірі Рақым Ешкінов, ауданнан шыққан тұңғыш журналист, редактор Зәбер Баянов, аудандық басшылықтан Ғаббас Садықов, кеңшар директоры Д.И.Митяев сынды қадірменді қонақтар жайғасады. Алдымен Жүнісбек Ғайсин мектеп тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы баяндама жасап, одан кейін Самархан Нұғымаров, Асығат Кошкин сынды ағалар мектеп жайлы тебірене әңгіме өрбітеді. Соңынан ауыл жастары мен мектеп мұғалімдерінің күнімен мерекелік концерт қойылып, шетінен өнерлі қыздар алқызыл түсті жылтыр матадан бірдей көйлек кисе, жігіттер жағы ақ көйлек, галстук тағып, қара костюм киіп сахнада шығып, өнер көрсетеді. Жақан Қоқаншин мен Серікқазы Әміровтей ағалардың (қазақтың ұшқыш қызы Тоты Әмірованың әкесі) баянда сүйемелдеуімен әсерлі әндер орындалады. Көрермен қауым оқушылар мен ауыл жастарының осыншама өнерлі екендігіне таң қалысып жатты.
«Концерт аяқтала бергенде «Қасым аға келіп қалды» десіп жұрт шу ете түсті. Мектеп ішінен түгеліміз сыртқа жүгіріп шықтық. Балалар «танкі, танкі келіп тоқтады» десе, біреулер «әскери БТР деген осы» десті. Алып БТР техникасының төбесінен қақпағы ашылып, ішінен адамдар түсіп жатты. Әрине, біз Қасым ағамызды бірден таныдық. Ер тұлғалы, нығыз келген, кісінің бетіне тура қарайтын, басында папахасы, үстінде қара тоны бар, нағыз һас батырға ұқсаған партизан жерлесіміз барша халыққа қолын көтеріп ишарат жасап, ақсақалдарға қол беріп амандасып, ішке кірді. Қасым ағаның қасында жүрген жылы жүзді жігіт ағасы балалар жазушысы Жақан Смақов екен. Кеш түсе біз үйді-үйімізге тарастық. Сөйтсек, жерлестерінің шақыруын бірден қабылдап, келуге уәде берген Қасым ағаны Алматыдан Өскемен әуежайында көпшілік құрметпен қарсы алады. Өскеменнің шыға берісінде атақты Шешек асуы бар. Сол асудан қар қалың болғандықтан жеңіл көлік өте алмапты. Содан Қасым аға қалаға қайта барып, облыс басшыларына дереу өзін Бестерек ауылына жеткізуді бұйырған. Ондағылар Ахмердегі әскери бөлімнен БТР техникасын сұрап алып, әйгілі партизан ағамызды Бестерекке жеткізген екен», — деп еске алады өткен күнді Күлмай Сембаева.
Ауылдың жасы үлкендерімен, келген қонақтармен қоса батыр Жүнісбек ағаның төрінде құрметті қонақ болып, әңгіме-дүкен құрып, естен кетпес бір отырыс болыпты. Ертеңінде мектеп залында салтанатты шара өткізіледі. Балалар жазушысы Жақан Смақовты, ұландық тұңғыш журналист Зәбер Баяновпен «Красный Алтай» кеңшарының директоры Д.И.Митяевты және Қасым Қайсеновты дәстүрлі пионер қатарына қабылдап, қызыл галстук байлау, суретке түсу, алдарында ант ету — үздік оқитын оқушылардың үлесіне тиеді. Сонда толқынды бұйра шашын қайырып, әскери үлгідегі киім киген, Украина орманында оқпен оттың ортасында жүріп қайтпас қайсар партизан атанған Қасым ағаның тебірене сөйлеген сөзі Күлмай апайдың санасында күні бүгінге дейін сайрап тұр екен.
«Осыдан 40 жыл бұрын сіздер оқып жүрген осы мектептің екінші сыныбында оқығанмын. Бұл 1928-1929 оқу жылы шығар. Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов та осында бастауышта бір жыл оқыды. Бізді Рақым Ешкінов деген мұғалім оқытып еді. Ол кездері мектеп үйі Бестеректің өзінде емес, төменірек Шөже мен Ұранқай өзенінің құйылысына таяу жерде болатын. Шағын екі бөлмеде екі-үш сынып қатар отырып оқыдық. Әрине, сендер оқып жүрген мектеп ондай емес қой. Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Әлі біреулерің жазушы, біреулерің ғалым, енді бірің ұстаз болатын шығарсыңдар. Кім болам деп армандасаңдар, мақсаттарыңа жететіндеріңе мен кәміл сенемін. Қазіргі дәуірде тек қана оқу керек. Оқығанда өте жақсы оқу керек. Ұлы Отанның өнерлі, білімді азаматы болуды айтпағанда, оны қорғау үшін білім керек. Ендігі кезеңде Отанды қорғау үшін азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы кезіндегідей жеке адамның асқан ерлігі шешуші рөл атқара қоймас. Сондықтан білімсіз қазіргі шақтың қуатты техникасын меңгеру мүмкін емес. Отан алдында, халық алдында, ата-анаңның, білім беріп жүрген оқытушыларыңның алдында адал да парасатты болыңдар, қарақтарым», — деген екен Қасым Қайсенов.
Бұдан кейін батыр мұғалімдерге, жастарға естелік ретінде белгішелер таратып береді.
«Міне, Ұлан ауданындағы Бестерек мектебінің 50 жылдық мерейтойы мәңгі ұмытылмас өз ерекшелігімен өткен болатын. Сол кездесу барша балаларға, ауыл азаматтарына ерекше күш-қуат, серпіліс беріп, жаңалықтың бастамасы, ұлы істерге жол ашқан жаңалықтың жаршысы іспетті болғанын кейін түсіндік қой. Адамдар арасындағы сыйластық, өзара қарым-қатынас, мәдениеттілік сынды баға жетпес адами құнды қасиеттерді, тәрбиені осы кездесуден алып, ой-санамызға ұялаттық десем артық болмас. Сол кездесуде соғыстың тірі куәгерін көріп есейгендей күй кештік. Қазақтың мақтанышы болған әйгілі партизан жазушы Ұланның ұлы азаматы, жерлес ағамыздың дәл қасында тұрып, қолынан ұстап, шын пейілімен берген ақ батасын алғанымыз үшін мен өзімді бақытты санаймын», — деп түйді әңгімесін Күлмай Сембаева.
Дереккөз: Кazinform.kz