«Үркер» сыйлығы «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналады

0 6

Ағымдағы жылы «Үркер» сыйлығы «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Өткен жылы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Тұмар» және «Үркер» сыйлықтарын тағайындаған болатын. Биыл наурыз айында өткен «Тұмар» ұлттық сыйлығы қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған еді. Ал «Үркер» сыйлығын биыл біз «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арнауды жоспарлап отырмыз. Бұл газеттің отандық журналистикада алатын орнының ерекше екендігін білесіздер», — деді ол.

Осы ретте вице-министр өткен жылы «Үркер» байқауы жоғары дәрежеде өтіп, конкурсқа 700-ге жуық өтінім түскенін еске салды.

Ал «Qazcontent» АҚ төрағасы Евгений Кочетовтің айтуынша, биыл байқау 12 номинация бойынша өтеді және тағы бір экперименттік номинация қосылып отыр.

«Номинациялар туралы көп ойландық. Ең үздік блогерлер мен вайнерлерді, сондай-ақ ең танымал паблик пен жыл хайпын анықтасақ деген ой бар. Әділ болсын деген ниетпен оқырмандар өздері таңдасын деген шешімге келдік. Сол себепті қосымша қандай номинация болатынын дауыс беру арқылы анықтамақпыз. Мұның ешқандай қиындығы жоқ, тек urker.el.kz сайтына кіріп, қай номинацияны қолдайтыныңызды дауыс беру арқылы таңдай аласыз», — деді Евгений Кочетов.

Оның сөзіне қарағанда, «Үркер» байқауына қатысу үшін el.kz. сайтына үздік фотосурет, үздік репортаж, үздік сараптамалық материал, үздік журналистік зерттеу, үздік сұхбат, Қазақстан туралы үздік танымдық материал, үздік халықаралық талдамалы материал, үздік өңірлік радиостанса, үздік өңірлік мерзімді басылым, үздік қазақстандық радиостанция, үздік интернет-басылым, үздік республикалық мерзімді басылым номинациялары бойынша өтініштер жіберу керек.

Айта кетерлігі, қазылар алқасы құрамына танымал қоғам қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, журналистика саласының майталман мамандары кіреді. Байқаудың лауреаты атанған журналистерге естелік мүсін мен қаржылай жүлделер табысталады. Әрбір жеңімпаз 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық пен дәстүрлі естелік мүсінге ие болады. Байқауға шығармашылық жұмыстары 2017 жылы жарияланған баспасөз редакциялары мен интернет-БАҚ өкілдері, сондай-ақ радиостанциялардың журналистері қатыса алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.