Бұрынғы ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековті үйқамақта ұстау мерзімі тағы екі айға ұзартылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, күдіктіге қатысты үйқамақта ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 1 шілдеге дейін ұзартылды.
Сондай-ақ, өзге күдіктілер — Серікбай Жұмалинов, Бекзат Қабырберлинді қамауда ұстау мерзімі 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін, Жан Нұрбековты қамауда ұстау мерзімі — 2 шілдеге дейін ұзартылған.
Еске сала кетсек, 2 наурыз күні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ҚР Энергетика министрлігі лауазымды тұлғаларының қылмыстық қызметінің жолы кесілгенін мәлімдеген болатын.
Энергетика вице-министрі Ғ. Сәдібековке «Аймақ» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Д. Дуанбекпен сөз байласып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр. Қылмысқа Энергетика министрлігінің департамент басшысы Ж. Нұрбеков және мердігер ұйымның өкілдері С. Жұмалинов және Б. Қадырберлин де қатысқан.