ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептерде типтік оқу бағдарламаларын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында айтылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Барлық сарапшылар қолдап отыр. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы да біздің балаларымыздың тым сабақбасты болып, шаршап жүргеніне назар аударды. Біздің стандартты оқу жоспарымызда көрші ТМД және ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда оқушыға қойылатын жүктеме өте көп. Қазір министрлік бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмыс тобын құрып сарапшылармен, әдіскерлермен, сондай-ақ педагогтармен кеңесіп жатырмыз»,-деп хабарлады білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов.
Вице-министр мектептік бағдарламаларды жеңілдету сарапшылармен көптеген талдаулар мен келісімдерді талап ететінін атап өтті.
«Оқу жоспары – мұнда екі, анда үш, ол жерде алты сағат болады деп, көз мөлшермен кесе салатын нан мен шұжық емес. Біз қоғам үшін қажет мектеп түлегіне қойылатын талаптарды ескеріп, білім берудің алдында тұрған міндеттерді қарастыруға тиіспіз. Осы өзгертулердің санына байланысты шешім қабылдау қажет. Бұл жерде шешімді сарапшылар қабылдауы керек», – деді ол.