«Astana Arlans» жартылай финалдағы алғашқы кездесуде жеңіске жетті

0 0

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» командасы Ұлыбританияның «British Lionhearts» командасына қарсы жартылай финалдағы алғашқы кездесуінде жеңіске жетті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz ресми сайтына сілтеме жасап.

Шеффилдте өткен бокс кешінде отандастарымыз шаршы алаң иелерін 3:2 есебімен ұтты. Жеңіл салмақта (49 кг) жұдырықтасатын Теміртас Жүсіпов бірінші жекпе-жекте төрешілер шешімімен (2:1 (47:48, 50:45, 48:47)) Галал Яфайға жол берді. Екінші болып шаршы алаңға көтерілген Ілияс Сүлейменов Ниан Дил Фаррелді айқын жеңді.

64 кг салмақта жұдырықтасатын Ділмұрат Мижитов Далтон Смиттен мықты екенін дәлелдеп, «Арландарды» алға шығарды. Ал Әбілхан Аманқұл соңғы сәтте Джордан Рейнольдсты алмастырған Бенджамин Уиттакерді сөзсіз жеңіп, қазақстандық жанкүйерлерді жарқын жеңісімен қуантты.

Ауыр салмақта (91 кг) жұдырықтасқан Арбек Абдуғаниев Чавон Кларктан айласын асыра алмады. Төрешілер бірауыздан (3:0 (50:44, 49:45, 50:44) британдық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 26 мамыр күні Атырауда өтеді. Бокс кеші Астана уақытымен сағат 17:20-да басталады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.