Алматыда қызыл түске боялған өзен суынан сынама алынды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова зерттеу нәтижесі 3 күннен соң дайын болатынын айтты.
«20 мамырда 19:30-да ТЖД желісінен осындай ақпарат түсті. Қазір Үлкен Алматы өзенінің бойын түгел шарлап шықтық. Бір жерден қызыл түс байқамадық. Бірақ, сонда да өзеннің барлық тұсынан сынама алдық. Санитарлық-химиялық құрамы бүгін кешке дейін белгілі болады. Судың бактериялық құрамы 3 күннен соң белгілі болады», – деді Айзат Молдақасымова.
Департамент басшысы видеоны әлеуметтік желіге жариялаған тұлғалармен байланысып жатқанын хабарлады.
«Бір ғана видеоға қарап ештеңе айта алмаймыз. Таратқан адамды таптық. Қазір ол түсірген жерден тағы сынама аламыз», – деді ол. Сонымен қатар құзырлы органдар өзен бойында орналасқан барлық химиялық кәсіпорындарды тексеруді бастаған. «ТҚКО, лак бояу өнімдерін шығаратын, вулканизация, типография сияқты өндіріс орындары тексеріліп жатыр», – деді департамент басшысы.