Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Жамбыл облысына көшпелі отырыс барысында суармалы жерлерді пайдалану, су қатынастарын құқықтық реттеу, жайылымдағы мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиев отырысты аша келіп, Мемлекет басшысының 10 қаңтардағы Жолдауында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет. 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын», — деген тапсырмасын еске салды.
Ж. Нұрғалиев өз сөзінде Жамбыл облысы суармалы жерлердің көлемі бойынша елімізде алдыңғы қатардың бірінде екенін атап өтті. Сонымен бірге бұл салада бірқатар өзекті мәселелер де бар екені айтылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы министрлігіндегі су ресурстары жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, аймақтағы 229,7 мың гектар суармалы жерлердің 86 мың гектары өз мақсатында пайдаланылмайды. Ж. Нұрғалиев атап өткендей, көптеген шаруашылықтарда суландыру-дренаж жүйелері мен шаруашылық аралық су құбырларының тозығы жеткен. Депутаттың пікірінше, бұл нысандарға паспорттау рәсімдерін жүргізіп, тиісті деңгейде пайдалануға беру керек.
Ж. Нұрғалиев сонымен қатар жайылымдық жерлер туралы заңнамаға түзетулер енгізуге байланысты мәселелерге тоқталды. Оның пікірінше, бұл бағыттағы заңнамалық базаны жетілдіру жұмыстарын жалғастыра беру керек.
Облыс әкімінің орынбасары Мәден Мусаев 2017-2021 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаны аймақта іске асыру барысы туралы депутаттарға баяндады.
Талқылауға бірқатар мемлекеттік органдардың, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары қатысты.
Сенаторлар сол күні Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесу барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының келешегін талқылады.
Депутаттар сапар аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, «Қазфосфат» мекемесі мен Жамбыл ауданындағы «Шығыс бақшалары» жауапкершілігі шектеулі серістестігінде, Т. Рысқұлов атындағы аудандағы «Манат» және «Шаушен» шаруа қожалықтарында болды.
Депутаттар Жуалы ауданында болған кезде «Гамбург» және «BURNOYE SOLAR-1» серіктестіктеріне барып, «Қазақ хандығы» ескерткіші мен Айша-бибі мавзолейінде болды.
23 мамырда депутаттар «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын көруді және Қарахан баба мен Тектұрмас ескерткіштеріне баруды жоспарлады.
Біздің Теlegram – парақшамызда Жамбыл облысы мен Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!