Ағымдағы жылдың 29 мамырынан бастап «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға арналған лицензиясы уақытша тоқтатылды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен 2018 жылғы 29 мамырдан бастап «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға арналған лицензиясының қолданылуы 2018 жылғы 29 тамызға дейінгі мерзімге тоқтатылды», — делінген хабарламада.
Лицензия жеке тұлғалардың жаңа депозиттерін тартуға және жаңа банк шоттарын ашуға тоқтатылғанымен, банктің қолданыстағы депозиттеріне және клиенттеріне қызмет көрсетуге қатысты емес.
2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, банктің жеке тұлғалардан қабылдаған депозиттерінің көлемі 267 млн теңгені құрайды. Банктің жеке тұлғаларының депозиттік портфелінің үлесі банк жүйесінің жеке тұлғалар депозиттерінің жиынтық көлемінен 0,003% құрайды.
Бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің қаулысымен «Астана Банкінің» жеке тұлғаларға депозиттер ашуға лицензиясы уақытша тоқтатылғанын хабарлаған едік.