Астана қаласында халал ет өнімдерінің құрамынан шошқаның ДНҚ-сы табылды. Бұл туралы Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өнім қауіпсіздігін бақылау аясында 330 үлгіні, соның ішінде 33 ет өнімін сатып алды. Зертханалық зерттеудің қорытындысы бойынша 33 ет өнімінің бесеуі Еуразия экономикалық одағы техникалық регламентінің таңбалау бойынша және төрт үлгісінен қауіпсіздік көрсеткіші (шошқа ДНҚ-сы) бойынша талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды», – делінген хабарламада.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бұған нақты дәлелдер келтірді.
«Тексеру кезінде «Байрам» халал піскен шұжығы, «Бақташы» және «Silla» сиыр етінен жасалған пісірілген шұжық, Ақтөбеде жасалған «РОКОС Ко» ЖШС, сондай-ақ «Целых из Петропавловска» ЖК өндірген «ХАЛАЛ» және «мұсылман» тұшпараларынан шошқа ДНҚ-сы табылды», – деп нақтылады ведомствода.
Сондай-ақ, өндіруші өнімнің құрамында шошқа етінің бар екенін көрсетпей, тұтынушыларды адастырған.