Менингитке шалдыққандармен байланыста болған 4 мынан астам адамға антибиотиктік профилактика жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қызметкерлері менингитке шалдыққандармен байланыста болған адамдарды барша өңірлерде анықтап жатыр. Бүгінде 4 136 адам анықталды. Бұл адамдар науқастармен күніне 3 сағат және одан артық мерзімде байланыста болғандар. Олардың барлығы антибиотиктік профилактикамен қамтылды», — деді министр.
Сонымен қатар аталған адамдарды кей кезде анықтау оңайға түспейтінін жеткізді.
«Қазіргі кезде барша қажетті жұмыстар жүргізілді және біздің санитарлық қызмет ол адамдарды анықтады», — деді ведомство басшысы.
Біртанов қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі вакцина бағасының шарықтауына жол бермеу шараларын қабылдап жатқанын атап өтті.
«Екпе құны қымбаттау, яғни ол қымбат фармацевтикалық өнім ретінде белгілі. Бүгінде дәрі-дәрмектің бағасы шарықтамауы үшін тиісті шараларды атқарып жатырмыз», — деп түсіндірді ол.
Министрдің мәліметінше, әскерилер, студенттер мен балалар арасында вакциналау басталған жоқ. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімді қолдамайды.
Белгілі болғандай, вакцина бүгінде бөлшек желіде емін-еркін саудаланып жатыр. 330 адам менингитке қарсы өз еркімен екпе салдырған.