Жамбыл облысында тұңғыш рет жеміс-жидек бағытындағы «Агропарк» құрылды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Жуық арада мұнда көлемі мың гектар болатын қарқынды шие, алма, жүзім, жаңғақ бақтары пайда болады. Жоба «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржыландырылады. Қазірдің өзінде заманауи технологиямен шие көшеттері отырғызылып, алғашқы кезеңі іске асырылды.
Жоба Жамбыл облысы әкімдігі, «Аграрлық несие корпорациясы» және кәсіпкерледің бірлесіп өткен жылдан бері атқарған жұмыстың нәтижесі болып табылады. «Агропарк» құрамындағы еліміз бойынша индустриалды түрде егілген алғашқы шие бағы. Көлемі – 100 гектар. Көшеттер Польшадан әкелінген. Мұнда тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Осының арқасында гектарынан 25 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік бар.
Нармұхан Сарыбаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:
— Республика бойынша 12 жоба қаржыландырды. Көлемі 600 гектарға жуық. Ол Алматы облысында, ОҚО-да, осы Жамбыл облысында. Алма, шие, таңқурай шығаратын жобалар қаржыландырылған. Біздің есеп бойынша 30 мың тоннаға жуық өнім береді.
Қазір Ресей мен Қытай елдерінде жеміс-жидекке деген сұраныс жоғары. Бұл – өнімділікті еселеп, экпортты ұлғайтуға үлкен мүмкіндік. Әулиеаталық шаруалар бұл бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Оған «Агроэкспорт» бағдарламасымен қолдау көрсетілуде.
Мақсат Қыланов, «Arno Agro» ЖШС директоры:
— «Агронесие» компаниясымен жұмыс жасап жатырмыз. Өте тиімді. 8 пайызбен несие алып жатырмыз екі жылға. Төлемін 2 жылға шегереді. Жоспарымыз – шие бақта қойма салу.
Бұл бағыттағы жобалар «Аграрлық несие корпорациясының» «Агроэкспорт» бағдарламасымен несиелендіріледі. Корпорацияның шарттары бойынша жоба құны 50 миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Шаруалар несиені тікелей корпорациядан, несие серіктестіктерінен, екінші деңгейдегі банктері немесе лизингтік компаниялары арқылы мерзімі 10 жылға дейін ала алады.