Жыл басынан бері Қазақстанда 58 адам менингит жұқтырды, оның ішінде 12 адам қайтыс болған. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингит жұқтырғандар саны шекті деңгейден төмен болғандықтан, карантин жариялауға еш негіз жоқ екенін мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Карантин жариялаудың қажеті жоқ, одан пайда болмайды. Себебі, қазіргі кезде ауырып жатқан науқастар біздің бақылауымызда. Инфекция жұқтырған және қайтыс болғандар санын ешкімнен жасырып жатқан жоқпыз, олардың саны шекті деңгейден төмен. Карантин жарияламай отырғанымыздың себебі де осы», — деді министр.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарты бойынша, менингит жұқтырғандар саны 100 мың адамға шаққанда 10 адамды құраса, карантин сол кезде жарияланады. Яғни, бір аптаның ішінде 2 мың науқас тіркелсе, карантин жариялаймыз. Вакцина салу мәселесі де сол уақытта шешіледі», — деп атап өтті ол.
Біртанов әр азамат өз денсаулығын күтіп, алдын алу шараларын қабылдаса, сол жеткілікті дейді. Сондай-ақ, ол өзі де менингитке қарсы екпе салдырмағанын атап өтті.
«Өзіме де, балаларыма да вакцина салдырған жоқпын», — деді ол.
Айта кетсек, жыл басынан бері республикада 58 адам менингитпен тіркелді, оның арасында 18 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар. 12 адам аталған аурудан көз жұмды, олардың ішінде бесеуі – 14 жасқа дейінгі балалар.
Өңірлер арасында менингит жұқтырғандар саны Алматы көп тіркелген – 32 адам, Ақмола облысында – 2, Ақтөбе – 3, Алматы облысында – 4, ШҚО – 4, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарында – 1, Павлодар – 2, ОҚО мен Астанада – 4.