Бүгінгі күні Қазақстанда менингит эпидемиясы жоқ. Елімізде аптасына 1800 науқас менингитке шалдықты деп тіркеуге алынса, эпидемия деп есептеледі екен. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алматылық журналистермен кездесуі барысында айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл орайда министр жаппай екпе салудың қажеттілігі жоқ екенін алға тартты.
“Қазақстанда менингит эпидемиясы жоқ. Елімізде аптасына 1800 науқас менингитке шалдықты деп тіркеуге алынса, эпидемия деп есептеледі. Сол кезде жалпы екпені салуға қажеттілік болады. Қазір мысалы салсаңыз, ертең ауырып қалсаңыз, ол екпе көмектеспеуі мүмкін. Себебі иммунитет ол екпені қабылдау үшін 3-4 апта керек.
А және В инфекциясы бар. Қазіргі таңда екпе тек А инфекциясына әсер етеді. Жалпылама екпе салудың қажеттілігі жоқ. Ол күнделікті, жыл сайын кездесіп жатқан ауру. Бүгін де бар, ертең де бар. Ай сайын болып тұратын жағдай. Қазір бұрынғымен салыстырғанда төмен көрсеткіште тұр”, – деп атап өтті Біртанов.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрі қандай жағдайда карантин жарияланатынын түсіндірді.
“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сай, карантин жариялау үшін дертке шалдыққандар саны межелі деңгейге жетуі тиіс. Бірінші жағдайда, 100 мың адамға шаққанда аптасына 3 адам менингитпен тіркелсе, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Ал 10 адам тіркелсе, онда халық арасында жаппай екпе салу жұмыстарын жүргізу қажет. Біздің жағдайда, аптасына 1800 адам шалдыққан жағдайда эпидемия деп саналады. Ал бізде апта ішінде біреу ғана. Сондықтан да біз межелі деңгейден алыспыз”, – деп атап өтті ол.
Елжан Амантайұлы аурудан қорғану кезінде бетперденің қаншалықты тиімді екенін айтып берді.
“Мен 100 пайызға маман емеспін. Бірақ инфекция ауа арқылы берілетін болғандықтан, қажет жағдайда, яғни адам көп жиналатын жерде бетперде киген дұрыс. Бірақ бактерия таза ауада жойылады. Күні бойы бетперде киіп жүру арқылы керісінше жағдайды ушықтырып алуыңыз мүмкін”, – дейді Біртанов.