«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мен студенттердің құрылыс жасақтарын жұмыспен қамтамасыз ету жобасы аясында биылғы еңбек маусымындағы жұмысы ресми түрде басталды. Олар әлеуметтік нысандардағы құрылыс жұмыстарына тартылған. Бұл ӨКҚ алаңында өткен брифингте белгілі болды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәтен Мәдидің айтуынша, жауапты мамандардың қатысуымен арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылған. Алғашқы оқыту семинарлары маусым айында жұмыс істеуге ниет білдірген 170 сарбаздың қатысуымен өтуде.
Сонымен қатар, жұмысты тиімді ұйымдастыру мақсатында осы жылдың 31 мамырында Жамбыл облыстық пікір сайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі мен Тараз қаласы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық турасында меморандумға қол қойылды. Осы келісімге сәйкес 12 мөлтек ауданданда тазалық жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан басқа, «Жасыл елдіктер» облыс аумағындағы мектеп пен көп пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуге атсалысатын болады. Құрылыс жұмыстарына барлығы 218 білімгер тартылған.
Оларға міндетті зейнетақы жарналарын және жеке табыс салығын қоса алғанда 40 000 теңгеден айлық еңбек ақысы ҚР заңнамалық талаптарын сақтай отырып төленеді.