Парақор туралы ақпарат берген адамға 240 мың теңге сыйақы беріледі – Шпекбаев

0 5

Алдағы уақытта парақор туралы ақпарат берген адамға 240 мың теңге көлемінде сыйақы берілетін болады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында жазды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Азаматтық саналылық – бос сөздер емес. Әрбір қазақстандық өз ойында сыбайлас жемқорлықты жеңе білгенде, әрқайсысымыз оған бүгін және болашақта орын жоқ деп айтқанда, ең бастысы, әрбір азамат осы жерде және осы уақытта әрекет жасаған кезде ғана елімізде бұл құбылысты жеңетінімізге сенемін», — деп жазады ол.

Сонымен қатар, агенттіктің басшысы халықты жемқорлық фактісін байқаған жағдайда ол туралы хабар беруге шақырған.

«Достар, егер де сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары, яғни параны қорқытып алу немесе ұсыну, бюджет қаражатын ұрлау жоспары, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану жағдайларының куәгері болып жатсаңыздар, тез арада Агенттікке хабарласыңыздар. Біздің call-центріміздің нөмірі 1424. Тәулік бойы жұмыс жасайды. Менің жеке поштам alik.shpekbaev@gmail.com», — деді ол.

Оның айтуынша, бірде бір өтініш қараусыз қалмайды.

«Бірде бір өтініштің қараусыз қалмайтындығына кепілдік беремін. Ақпаратпен бөліскен азаматтар құпиялылық және құқықтық қорғаумен қамтамасыз етіледі. Ақпарат расталған және сотта айыптау үкімі болған жағдайда, өтініш иесі 240 мың теңгеге дейін ақша қаражатын ала алады», — деп түйіндеді Алик Шпекбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.