Гүлшара Әбдіқалықова: Универсиеттер жаңа форматтағы мамандарды даярлауға тиіс

0 15

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Серпінді технологиялар дәуіріндегі жоғары білім инновациясы» атты Жоғары білім беру көшбасшыларының VІІ Еуразиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл форум 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның мақсаты – технологиялық және әлеуметтік өзгерістер тұрғысынан білім беру секторын талқылау.

Форум жұмысына ұлттық және әлемдік сарапшылар, ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің, білім саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ әлемнің 15 елінен (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Австралия және т.б.) 150-ден астам делегат қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде биылғы форумның Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырғанын айтты.

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Елбасының білім беру жүйесінің жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөлетінін атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен әрдайым сіздердің білім алуларыңыз бен дамуларыңыз үшін қажетті барлық жағдайды жасауға тырысып келемін. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептерін аштым, «Болашақ» бағдарламасын бекіттім» деген сөзіне тоқталды.

Назарбаев Университеті – еліміздің маңызды ұлттық жобасы. Осы оқу орны ашылғаннан бері (2010 ж.) оның қабырғасынан 2 мыңға жуық маман түлеп ұшты. Университет биохимиялық және ядролық инженерия, робототехника, мехатроника және басқа да сирек бағыттар бойынша кадрлар даярлайды. Мұнда әлемнің түпкір-түпкірінен келген үздік оқытушылар жұмыс істейді және ең заманауи материалдық-техникалық құралдармен, зертханалармен жабдықталған.

Бүгінде Назарбаев Университеті жаһандық деңгейдегі ғылыми-білім беру орталығына айналып, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Сингапур және Азиядағы басқа да елдердің 14 жетекші университеттерінің қатарына қосылды.

«Жоғары оқу орындары келешекте еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп беру үшін, білімнің үздік бағдарламалары бойынша оқытылған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға тиіс» – деді Мемлекеттік хатшы.

Форум соңында Гүлшара Әбдіқалықова жиынға қатысушылардың сындарлы сұхбат құрып, табысты жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.