Бүгін Мәжілісте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы соңғы 5 жылда атқарған жұмыстарының нәтижесімен бөлісті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz cайтына сілтеме жасап.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының бес бастамасын іске асыруда депутаттардың «Атамекен» палатасымен белсенді жұмыс істегеніне ерекше тоқталды. Жалпы қос тарап бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Соның нәтижесінде елдегі іскерлік ахуалды жақсартатын маңызды құжаттар қабылданған. Атап айтқанда, кәсіпкерлік, салық және кедендік кодекстер мақұлданды. Сондай-ақ «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексте бірлескен жұмыс нәтижесі барысында қабылданды. Сонымен қатар кездесу барысында отандық бизнес мәселелері де көтерілді. Оның ішінде шағын және орта бизнес үшін несиелік ресурстардың жетіспеушілігі, салада жұмыс істейтін қызметкерлердің төмен біліктілігі, сыртқы нарыққа шығу сияқты проблемалар айтылды. Алдағы уақытта да депутаттар мен кәсіпкерлер мұндай өзекті жайттарды бірге шешуге келісті.
Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы:
«Бизнестің ахуалы оңды. Кәсіпкерлік Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қанат жайды. Бүгінде барлық мемлекеттік органдар кәсіпкерлікті қолдауға дайын. «Атамекенге» жүктелген міндеттер де аз емес. Біз оны ел Үкіметі және Парламент қолдауы арқасында жүзеге асырмақпыз. Бір қуантарлығы, бүгінде кәсіпкерлердің арыздарының мазмұны өзгерген. Қазір азаматтарды өзге мәселе толғандырады. Олар ұзақмерзімді қаржыландыру туралы сұрайды. Яғни азаматтар өндірісін жаңғыртуды ойлайды, жаңа кәсіп түрін ашуға ниетті».
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Қазір күн тәртібі өзгерген. Атамекен палатасы жұмысын енді бастаған уақытта кәсіпкерлерді қорғау мәселесі басты назарда болды. Бүгінде бизнесті қорғау жоғары деңгейде. Бірақ осы жағдайға жету оңай болмады. Ол үлкен еңбекпен келді. Алдымен Мемлекет басшысы мен оның саясатының арқасында «Атамекен» палатасы басшылығы мен қызметкерлері еңбегінің нәтижесінде іс алға басты».