Үкаша ата кесенесі мен құдығы туралы не білеміз

0 13

Оңтүстік Қазақстан облысындағы киелі жерлердің бірі — Үкаша ата қабірі орналасқан кесене. Оның мазары Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылының солтүстігінде орналасқан. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана қазір көптеген туристерді қызықтырып отыр,  — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Халық арасындағы аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы ретінде белгілі. Мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаша ата шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр болған екен. Үкаша сахаба сондай-ақ қазақ даласына ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға ретінде айтылады. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сенімді серіктерінің қатарында болған. Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Ал кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.

Бірқатар деректерде Ғакаша сахабаның ешқандай да аңыз емес екені айтылған. Ол Пайғамбардың (с.а.у.) жақын серігі, қасында бірге жүрген аяулы сахабасы болғандығын көрсетеді. Пайғамбар сахабасы — Әли Мұхаммед (с.а.у.) алдында жүретін қорғаушысы болса, Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған екен. Мұхаммед (с.а.у) өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болады» дегенді айтады. Енді бір деректе Мүбәрак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған.

Қазіргі таңда Үкаша ата қабірі бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын зиярат орнына айналған. Үкаша ата дегенде, ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабы да тарихи шығармалардан алынған. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Онан кейін барып тау басындағы құдықтың басынан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаша ата туралы мынандай деректер айтады.

«Үкаша атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер таң намазын оқып отырған кезде басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді», — дейді тарихшы.

Ал кейбір деректерде Үкаша ата бейітінің жанындағы қасиетті саналатын құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Оның тереңдігі 22-25 метрді құрайды. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Құдықтан су алу үшін шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның жолы болғыш, бақытты адам деп саналады. Осы құдықтың басына барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Сондай-ақ ел арасында жаугершілік заман мен бертін келе соғыстан кейінгі жылдары да жараланған адамдамдар осы құдықтың суына шомылып, айығып кеткені туралы айтылады.

Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай. 1990 жылдары ауыл ақсақалдарының күшімен ол жер қайта жөнделіп, тәубе ететін орынға айналдырылды. 1996 жылы облыстық Мәдениет басқармасының «Әзірет Сұлтан» музейі қармағына берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.