Жыл сайын әлеуеті артқан Әулиеата өңірінде келер жылы да қыруар шаруа қолға алынады. Күні ертең халықтың игіліне айналатын әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғын үй кешендері салынбақ. Ең бастысы осынау шаруаны қаржыландыратын республикалық бюджетке өтінімдер дер шағында берілуі керек. Әрі оның жоғары да көрсетілген мақсаттарға сай бөлінуіне салалық басқарма басшылары мүдделі болғаны абзал.
Облыстық әкімдікте құрылыс саласында республикалық бюджетке өтінімдер бойынша өткізілген жиында өңір басшысы жауаптыларды аталмыш жайттарды қаперде ұстауға шақырды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы, облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасымен келер жылы республика бюджетінен қаржыландырылатын 24 жоба ұсынылған.
Алайда, олардың көбі жан-жақты талдау мен нақтылауды қажет етеді. Бұл орайда, облыс әкімі басқарма басшысына тиісті қаражаттың бөлуге мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды. Өз кезегінде, басқарма басшысы аймақ тұрғындарының қажетіне жарайтын құрылыс нысандарына республика бюджетінен қаражат қарастыру жұмыстарына аудан әкімдерінің атүсті қарайтындығын тілге тиек етті. Сәйкесінше, өңір басшысы бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түсіп, жобаға өтінім беруге көз жұма қарағандарды жазасыз қалдырмау қажеттігіне баса назар аударды.
Алдағы уақытта келер облыс экономикасының өзге салалары бойынша да жүргізілетін жобаларға өтінімдер берудің барысы өңір басшысымен талқыланбақ.