Ұлттық палатаның V Съезінде кәсіпкерлер кеңесін құрудың жаңа тәсілдері туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Үкіметінің өкілдері «Атамекен» ҚР ҰКП басқару органдарынан шығарылып, Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Аудандық кеңестер мен Салалық кеңестерді құру үшін, Өңірлік кеңестерде сайлау өткізу үшін құқықтық негіз қалыптасады. Бұл сайлауларды өткізудің тәртібі мен мерзімін Ұлттық палата Съезі анықтайды.
«Осыған орай, «Атамекен» Басқармасы өңірлік кеңеске делегаттарды сайлау ережесінің жобасын дайындады. Онда сайлау бойынша базалық тәсілдер бекітілген. Делегаттар 4 жылға сайланады. Олар тиісті өңірде тіркелулері керек. Бірінші кезеңде кәсіпкерлік субъектілерінің тікелей дауыс беруі арқылы Аудандық және Салалық кеңестер құрылады», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.
Кейіннен осы кеңестер өзінің құрамынан Өңірлік кеңестің делегаттарын сайлайды. Салалық кеңестер мен аккредиттелген қауымдастықтар делегаттардың 60%-ын сайлайды, ал өңірлік кеңестер – 40%.
«Біз барынша аудандық бизнес-қоғамдастықтың қатарынан ұсынылғанын қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Квотаны есептеуде қалалар мен ауылдарда тіркелген бизнес субъектісінің саны бойынша статистикалық мәліметке талдау жасалды. Ара қатынас 60 та 40-ты көрсетті, яғни кәсіпкерлердің 60%-ы қалада болса, ауылда – 40%», – деп атап өтті Басқарма Төрағасының орынбасары.
Өңірге қарай кеңес мүшелерінің саны 20-дан 35 адамға дейін өзгереді. Аудандық кеңестердің төрағалары бірден Өңірлік кеңестің құрамына енеді.
Мұнымен қоса жергілікті жерлерде салалық кеңестер құрылады, оның саны мен атауын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасы анықтайды. Өңірлік кеңестің кандидаттарын «Атамекен» ҰКП орталық аппаратының сайлау комиссиясы қарайды.
Рустам Жүрсіновтың айтуынша, аудандық кеңес мүшелерін сайлау арнайы дауыс беру пунктерінде немесе онлайн дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Бизнес-қоғамдастықтың барынша қатысуы үшін сайлау өтетін күн мен орны туралы sms-хабарлама таратылады. Ыңғайлылық үшін сайлау пунктері Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары мен әрбір ауылдық округте орналастырылады.
Спикер пилоттық режимде Жамбыл облысы Жуалы ауданында өткен аудандық кеңес сайлауының нәтижесімен бөлісті.
«9 бос орынға 15 үміткер тіркелді. Дауыс беруге аудандағы 1350 кәсіпкер немесе белсенді субъектінің 36%-ы қатысты. Аудандық кеңес өзінің Төрағасын сайлады. Пилоттық жоба кеңесті құру тиімді әрі ашық процесс екенін көрсетті», – дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.
Еске салсақ, бүгін Астанада Тәуелсіздік сарайында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының V Съезі өтті.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП, мемлекеттік органдар және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Съездің күн тәртібінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмысы бойынша есептер, ҰКП өтпелі кезеңнің аяқталауыына қатысты мәселелер, Басқарма мүшелерінің өкілеттілігі мерзімін жалғастыру және басқа да сұрақтар қаралды. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының үндеуін жариялады