Жамбыл облысында археологтар көне қаланың орнын тапты

0 4

«Терс» ғылыми-зерттеу археологиялық экспедициясы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы көне қалашықтың орнында қазба жұмыстарын бастады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Ресми ашылу салтанатына облыстық және қалалық ардагерлер қоғамдастығының өкілдері, танымал қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы еуразиялық университеттің профессоры Айман Досымбаева мен Жуалы ауданының басшылығы қатысты.

Бұған дейін, қазақстандық археологтардың барлау экспедициясы көне Барқуап қаласының шаруашылық бөлігін тапқан болатын. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан және стратегиялық маңызды қала араб жазбаларында Барқуап деп аталған. Бүгінде көне қаланың орнына Барқуап ауылы қоныстанған.

Барлау экспедициясы барысында Қараханидтер дәуірінің X -XII ғасырлардағы кезеңдерін зерттеген археологтар қаланың солтүстік шығыс бөлігінен 600-ге жуық артефактілер тапқан. Алайда сол аймақты ұзақ жылдар мекен етіп келе жатқан тұрғындардың айтуынша, мұнда тарихтан мәлімет беретін жерлер көп. Ауыл тұрғындары көне керамикалар, су құбырлары, ошақтардың қалдығын шаруашылықпен айналысатын кезде көп табады.

«Тұрғындар тіпті өздерінің аулаларынан да құмыралар мен табақтар сияқты бұйымдарды тауып алып жатады. Ақсақалдар болса мұнда жерасты жолдарын көрген. Соған қарай мұнда жерасты қала орналасқан деген ойда. Егер тұрғындардың өздерінің ұсыныстары болмаса көне қаланың орнынан дым қалмас еді. Қазір жаппай құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, сондықтан көптеген артефактілерді енді қайтырып алу мүмкін емес»,-дейді Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов.

Жамбыл облысындағы ескерткіштердің мәліметтері бойынша, бұл жердегі нысан VII — XIII ғасырларға тиесілі. Дегенмен 3-4 метр тереңдікте біздің эрамызға дейінгі I — II ғасырларға жататын мәдениет құндылықтары жатыр деген болжам бар. Археологтардың болжамынша, бұл жерді қаңлылар мекендеген және мұнда олардың Битянь атты қаласы болған. Ғылыми-зерттеу экспедициясының барысында осы болжамды растау керек. Бұл үлкен тарихи оқиға болғалы тұр. Болмаса керісінше, жоққа шығару керек.

Қазба жұмыстары ауыл ақсақалдарының батасымен басталды.

«Терс» ғылыми-зерттеу экспедициясын Жуалы ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Ал зерттеу жұмыстарын «Қазгеоархеология» ЖШС жүргізуде. Жуалы ауданының басшылығы бұл жерді ашық аспан астындағы музей етпек.

«Жамбыл облысы мен Тараз қаласында неше түрлі археологиялық сенсациялар болған. Бүгінде өңір туристік кластерді қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Ал енді ашылып жатқан тарихи жаңалықтар туристердің біздің өлкемізге қызығушылығын арттыра түсері анық»,-дейді облыстық туризм басқармасының жетекшісі Қарлығаш Аралбекова. Мамандардың пікірінше, Жамбыл облысының аймағында әлі ашылмай жатқан орындар жетерлік.  

Leave A Reply

Your email address will not be published.