Өткен демалыс күндері «Тараздың» футболшылары Теміртауда «Шахтер-Болат» командасын жеңді. Ойын барысында жамбылдықтар қарсыластарынан кем түскенімен, күш-жігер таныта білді. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.
Жарыс барысында бірінші таймда есепті алаң иелері ашты. Кеншілердің сирек шабуылдары 36-шы минутта Ануар Агайсиннің дәл соққысымен түйінделді – 1:0.
Үзілісте және екінші тайм кезінде қонақтардың жаттықтырушысы Нұркен Мәзбаев бірнеше ойыншыны ауыстырды. Алаңға шыққан Сағадат Тұрсынбай, Абзал Таубай және Бауыржан Байтана тараздықтардың шабуылдау әлеуетін арттырып, алаң иелері жиі-жиі қателіктер жібере бастады. Нәтижесінде 67-ші минутта Тимур Байжанов есепті теңестірсе, ойын аяқталуға екі-ақ минут қалғанда қажетті голды Сағадат Тұрсынбай соқты.
Айта кететін жайт, 6 шілде күні «Тараз» өз алаңында түйінді қарсыласы және біріншіліктің көшбасшыларының бірі — Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасын қабылдайды. Кездесу аса тартысты болғалы тұр. Матч Орталық стадионда сағат 19-00 басталады.
«Тараз» футбол клубының баспасөз қызметі
8 777 977 77 43