ҚР Энергетика министрлігі ресейлік бензиннің импортына уақытша шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Аталған шектеу үш айға созылады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Argus Media» компаниясының Орталық Азия және Каспий аймағы бойынша вице-президенті Тимур Ілиясовтың сөзіне қарағанда, конвенциялық шектеу осы айда енгізілуі мүмкін.
«Иә, жақын арада енгізеді деп есептейміз. Бәлкім, шілде айында жүргізіледі. Оны не үшін істеп жатыр? Дәл қазір ішкі қорда жиналған бензинді жұмсау қажет. Себебі бүгінде АИ-92-ні артығымен өндіріп қойдық. Осыған байланысты мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын сәл бәсеңдетіп, шикізат өңдеуді азайтуға тура келіп отыр. Ал импортқа шектеу қойсақ, артық бензинді өткізіп жіберуге мүмкіндік болады», — деді Т.Ілиясов.
Оның айтуынша, бүгінде қазақстандық бензинге қарағанда ресейлік өнімнің бағасы қымбат. Сондықтан уақытша шектеу қазіргі нарыққа көп әсер етпеуі де мүмкін. Себебі қазірдің өзінде импорттың үлесі көп емес. Оған қоса, бензинді сататындар «алыстан арбалағанша жақыннан дорбалағанды» қалайды. Дегенмен, ресейлік бензиннің бағасы өзгеруі әбден мүмкін. Осыған байланысты қазақстандық бензинді экспортқа шығару мәселесін тездетіп шешу керек.
«Әрине, жақын арада экспорт мәселесі шешілмесе, артық бензиннің көлемі артады. Ондайда шикізатты өңдеу қарқынын бұдан да бәсеңдетуге тура келеді. Бұл мұнай өңдеу зауыттары үшін тиімсіз. Себебі аталған зауыттарды жаңартуға қыруар қаржы салынды. Дәл қазір олар 100 процентке жұмыс істеуі керек. Сонда жаңғыртуға салынған қаражат ақталады. Білуімізше, бүгінде отандық бензинді Қырғызстанға экспорттау мәселесі қаралып жатыр. Бұдан бөлек, Өзбекстан жағы да талқылануда. Меніңше, жақын арада Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, ал келесі жылы Еуропаға экспорт ашылады», — деп атап көрсетті Т.Ілиясов.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та ресейлік бензинге уақытша шектеу енгізу жайында айтқан болатын. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде елімізде жанар-жағармай артығымен өндіріледі. Резервтің көлемі бір жарым есеге көп болып тұр. Себебі Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жаңартқаннан кейін жоғары октанды бензинді өндіру көлемі артты.
«Қазіргі кезде профицит байқалады. Бүгін таңертең (20.06.2018 ж.) маған түскен мәліметке сәйкес, резервте АИ-92 маркалы бензиннің 358 мың тоннасы болды. Зауыттар да бензинге лық толы. Негізі, қалдықтың көлемі 200 мың тоннадан аспаса да жететін еді. Демек, қазір бізде бензиннің көлемі бір жарым есеге артық болып тұр. Қыркүйекте Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары толығымен аяқталады. Сол кезде бензиннің көлемі арта түседі. Қазан айында қалдықтың мөлшері 500-600 мың тоннаға жетуі әбден мүмкін», — деді Қ.Бозымбаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.