Келесі жылдан бастап елімізде бірыңғай жиынтық төлем енгізіледі, — деп xабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің көбісі өз кәсібін заңдастыруға асықпайды. Себебі салық және тағы басқа міндеттер бар. Алайда салық төленбесе, адам зейнетақы мен жәрдемақыдан қағылады. Осыған байланысты бірыңғай жиынтық төлемді енгізу туралы шешім қабылданды.
«Келесі жылы төлемнің көлемі 1 айлық есептік көрсеткішті, яғни 2 525 теңгені құрайды. Ауылдың адамдары үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш — 1 263 теңге болады. Оны тіркеуге тұрмаған кез келген кәсіпкер, я болмаса, басқа да табыс тауып жүрген азаматтар төлей алады. Осылайша, олар автоматты түрде зейнетақы жинақтау жүйесіне, медициналық және әлеуеметтік сақтандыруға қатысады. Себебі төлемінің ақшасы бірден барлық қорларға таратылады», — деді М.Әбілқасымова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде арнайы заң жобасы Үкіметтің қарауында жатыр. Парламент аталған құжатты мақұлдаса, бірыңғай жиынтық төлем келесі жылдан бастап енгізіледі.
Ал ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың сөзіне қарағанда, ешкімді бірыңғай жиынтық төлемді аударуға міндеттемейді. Ол — әрбір азаматтың жеке қалауы.
«Қазір кейбір сарапшылар бұл тағы бір салық, мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерге тағы бір салық енгізіп жатыр дейді. Ол дұрыс емес. Мемлекет ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқ. Қаласаңыз, төлеңіз. Соның арқасында ертең зейнетақыны да, медициналық сақтандыру да аласыздар. Әлеуметтік жағынан да қамтамасыз етеді. Ал төлемеген адамдар бұның бәрін ала алмайды. Әрине, адам өз болашағын ойласа, бірыңғай жиынтық төлемді аударуға тырысады. Оны табысы бар азаматтар ғана төлейді. Жұмыссыздар аталған төлемді аудармайды», — деп атап көрсетті Н.Әлтаев.
Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында министр Әбілқасымова оралмандардың еңбек өтілін есептеу мәселесі бойынша түсінік берді.