Биыл елімізде телерадиохабарларды таратуды цифрлық жүйеге енгізу жұмыстары басталды. Осы ақпаратты халыққа жеткізіп, түсіндіру мақсатында құрылған арнайы мобильдік топ Жамбыл ауданына барды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA Jambyl телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Аналогтық телерадио хабар тарату жұмысы өз мәресіне жеткелі тұр. Қазір халық көріп отырған теледидарлардың басым көпшілігі цифрлық телесигналды қабылдай алады. Жамбыл ауданына барған ақпараттық топ мүшелері Гродиково, Бесағаш, Қаракемер, Жалпақтөбе, Тоғызтарау ауылының тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қойылған сұрақтардың барлығына жауап берді.
2018 жылдың соңына дейін Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары сандық телевизияға көшеді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша 827 радио, телеарна станциясын салу көзделіп отыр. Әлеуметтік жоба аясында қажеттілік көріп отырған отбасыларға әкімдік тарапынан қондырғылармен қамтамасыз ету қарастырылған. Цифрландыру жұмыстары алдағы екі-үш жылда толығымен аяқталады деп күтілуде.
Цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты төмендетеді. Астана мен Алматы қалаларында және облыс орталықтарында 30 арнаға дейін көруге болады. Бұрынырақ шалғай жатқан елді-мекендерде екі-үш қана арна көрсетілсе, енді олар 15-тен аса отандық телеарнаны жоғарғы сапада тамашалайтын болады.