Бүгін түстен кейін Таразда қайғылы жағдай орын алды. 12-жасар бала «Зербұлақ» көлінде суға батып кетті. Куәгерлердің айтуынша, қарындасын көз алдынан жоғалтып алған бала суға секіріп кеткен. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, үлкендердің жанайқайын естіген Жамбыл облыстық ТЖД қызметкерлерінің жедел-құтқару жасағы көмек көрсетуге ұмтылды. Жедел әрекет ете отырып, 14 жастағы қызды судан алып шықты.
Шамамен 5 минуттан кейін құтқарушылар қыздың есін жидырды. ТЖ бас маманы Айгүл Шахабаева мен жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Владислав Рүстемов қолдарынан келгенін жасап, қызды аман алып қалды.
Алайда, қайғылы оқиға мұнымен аяқталмады. Анықталғандай, жағажайда барлығы қызды құтқарып жүргенде, ата-анасы оның інісінің жоқтығын бірден байқамаған.
Көп ұзамай сүңгуірлер су түбіне түсіп, баланың денесін су бетіне алып шықты. Өкінішке орай, дәрігерлер «жедел» көмек көрсеткенімен жасөспірімді құтқара алмады.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бүгінде қалалық «Зербұлақ» көлінде шомылу маусымына байланысты жедел-құтқару жасағы мен ТЖД қызметкерлері күнделікті кезекшілік етуде. Сондай-ақ, балалар мен ересектерге арналған профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.