Жамбыл облысында ірі шаруа қожалығы отқа оранды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Байзақ ауданы Ақшолақ ауылының маңында болған. Салдарынан қыстық мал азығы, қора-қопсы және бірнеше техника жанып кетті.
Өрт Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізінің бойындағы шаруа қожалықтарының бірінде орын алған. Мұнда 4 мың шаршы метр аумақ отқа оранған. Абырой болғанда, мал-жан дін аман. Бірінші кезекте жұмысшылар мен олардың отбасы қауіпсіз жерге шығарылды. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен бірнеше сағат бойы арпалысты.
Өрт шамамен түскі сағат 13:00-дер шамасында басталған. Оттың неден шыққаны белгісіз. Өрт салдарынан қысқа мал азығы деп дайындаған 300 тонна арпа, 25 мың тығыздалған шөп, бірнеше сарай және екі автобус жанып кетті. Сонымен қатар автобустардың ішінде құны 49 миллион теңге болатын тамшылатып суару технологиясына арналған қондырғы болған.
Төңіректе су алатын орын болмағандықтан, өрт сөндірушілер біраз қиындықтарға тап болды. Оның үстіне жел соғып, отты өршіте түскен. Жергілікті мамандардың шамасы жетпегендіктен, облыс орталығынан қосымша 3 техника шақыртылып, 30 шақты адам жұмылдырылды.
Жақсылық Бекбергенов, Байзақ ауданы өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:
– Өрт ошағының айналасы сусыз аймақ болғандықтан, өрт сөндірушілер өрт сөндіру техникасымен өрт ошағынан 200 метр жерден су тасып өшірді. Өрттің шығу себебі, шығыны анықталуда.
Мамандар өрттің шығуына адами фактор әсер еткен болуы мүмкін деп отыр. Қазір электр қуатының көздері ажыратылып, өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ал шаруа қожалығы иесіне мал азығына көрші отырған шаруалар көмектесетін болды.
Мұхтар Қилыбаев, Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі:
– Бұл жерде 250 бастай сиыр бар. Оның 100 басы – сауын сиыры. Осы малдарға арналып дайындалған жем-шөп, қант қызылшасын суландыру жүйесіне арналған құрылғылар өртеніп кетіп отыр.
Нақты өрттің неден шыққанын арнайы мамандар анықтайды. Ферма қожайыны шамамен 70 миллион теңгеге шығын келгенін айтады.