Таразда жүзжылдық үйлер қайта жаңғыртылады

0 11

Тараз билігі қала орталығында бірнеше тарихи кезеңдерді біріктіретін ауқымды туристік алаң ашуды жоспарлап отыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жамбыл облыстық туризм басқармасы өкілдерінің айтуынша, өңірдің ішкі туризмді дамыту картасына жаңа көрікті мекен — «Әулие ата дәуірі» деп аталатын тарихи-мәдени нысандар енгізілген.

«Тараздағы туристік кешен бұрынғы Көк базарды ғана емес, оған жапсарлас жатқан тұрғын үйлерді де қамтиды. Ол үйлер де бірегей тарихымен ерекшеленеді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде бұл аумақта сауда ләпкелері, дүкендер салынған. Төңкерістен кейін ғимараттардың көпшілігі мемлекеттік мекемелерге берілген», — дейді туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Оннан астам ескі үйлердің тарихи құндылығы бар. Бірақ олардың көпшілігі қазір жекеменшіктің иелігінде, аянышты халде. Өйткені олардың иелеріне бірегей ғимараттарды өз мақсатына пайдалануға тыйым салынған. Енді билік оларды күрделі жөндеу арқылы тарихи-мәдени туристік кешен аясында қайта жандандырудың жолдарын қарастырып жатыр.

«Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов мұнда келіп, көне үйлердің жағдайын көрді. Ол жұртшылықпен, үйлердің иелерімен кездесіп, қиын жағдайдан шығу туралы ұсыныстарын тыңдады. Әкімнің тапсырмасымен жасақталған арнайы комиссия ғимарат иелерінің осы үйлерді сақталған тарихи құжаттар негізінде бұрынғы қалпына келтіруге дайын екенін анықтады», — дейді Қарлығаш Аралбекова.

Жамбылдық тарих әуесқойларының «Обелиск» қоғамдық бірлестігі көне үйлермен шектелмей, көне төсемелі жолды да қалпына келтіру бастамасын көтеріп жатыр. Бұдан тыс, әуесқойлар Тұрар Рысқұлов атындағы саябақтың жанынан «Кеңестік кезең саябағын» салуды ұсынды.

Тараз қаласының әкімі Сайлауғалы Байназаровтың айтуынша, ғимарат иелерінің кейбірі үйлерді өз қаржысына жөндеуге әзір. Көне үйлерге қаншалықты зақым келгенін және оларды алдағы уақытта пайдалану мүмкіндіктерін анықтау үшін әрбір нысанға сараптама жүргізу қажет.

Болашақта «Әулие ата шаршысы», «Кеңестік кезең саябағы», киелі Қарахан кесенесі, Дәуітбек кесенесі, ежелгі мешіт және «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығын бірыңғай туристік жаяужолмен біріктіру жоспарлануда.

Айта кетейік, Таразда жыл басынан бері ғимараттарды, саябақтарды, бақтарды және жалпы қалалық инфрақұрылымды ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.