Қазақстан бас редакторлары клубының ұсынуымен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі белгілі журналист, медиа менеджер Қуат Әуесбайды «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.
Қуат Әуесбай еңбек жолын «Ана тілі» республикалық газетінде тілші болып бастады. «Айқын» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі болған. Әр жылдары ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігі Мемжер ҒӨО «Баспа және редакциялау» бөлімінің меңгерушісі-«Қазақстан жер ресурстары» журналының бас редакторы, «Ақ желкен» республикалық журналы бас редакторының орынбасары, республикалық «Халық сөзі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. Кейінгі жылдары ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының хатшылығында, ҚР Ұлттық музейінің жұртшылықпен байланыс бөлімінің меңгерушісі, Еуразиялық Топ ЖШС-ның Сыртқы корпоративтік коммуникациялар департаментінің сарапшысы, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы болды.
«ZhambylNews» ұжымы атынан әріптесімізді жоғары марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.