Бүгін Шу ауданына Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының БАҚ-пен жұмыс бөлімінің басшысы Асылжан Құрманов, «Қазтелерадио» АҚ өңірлік филиалының өкілі Ерғани Иманбек, «Jambyl» телеарнасының инженері Орынхан Шанбаев арнайы келді. Бұл туралы «ZhambylNews» AA хабарлайды.
Сапар мақсаты жыл соңында істен шығатын аналогты телевизия туралы ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмысын жүргізу болатын.
Бүгінгі таңда Маңғыстау,Түркістан, Жамбыл облысында ескі қабылдағыштар яғни 3-4 арна көрсететін «антенна» өшірілетіні туралы БАҚ беттерінде ақпарат берілген болатын.
Соған орай маңызды мақсатпен келген меймандар түске дейін Абай, Мойынқұм,Ақтөбе кейінірек Қонаев пен Бірлік ауылдарының азаматтарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аналогты телевизияның ғұмыры қысқа екені айтылып, жұртшылық отандық «Отау тв» немесе 15 арнаның кедергісіз көрсететін Т2, кабельді телевизияға көшу заман талабы делінді. Себебі «цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты осы цифрлы эфирлік телехабар таратуға көшу.
Ауылды аралай келе кейбір кісілер «аналогты телевизия» деген сөзді отандық арналарды көптеп көрсететін кейінгі телевизия антеннасымен шатастыратының аңғардық.
А.Құрманов тұрғындармен жүздесіп жатып, келгендегі мақсат өнімді жарнамалау емес, ЦЭХТ көшудің маңыздылығы, аналогты антеннаның істен шығатының хабардар ету деді.