Тегін медициналық көмек: Дәрі-дәрмектерді сатып алуға арналған бірыңғай портал әзірленді

0 13

Аталған портал әзірше тесттік режимде жұмыс істейді. Ал бір аптадан кейін толығымен іске қосылады. Содан бастап тегін медициналық көмек аясында барлық препараттар осы портал арқылы сатып алынады, — деп xабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпарат — қа сілтеме жасап.

«СК-Фармация» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, жаңа портал Қаржы министрлігінің «Электронды коммерция орталығы» АҚ-мен бірлесіп әзірленді.

«Бұған дейін біз комиссиялардың отырыстарын онлайн режимде көрсеттік. Сөйтіп, барлық сатып алу шараларын ашық жүргізуге тырысқан едік. Енді осының бәрі автоматты түрде атқарылады. Біз Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар порталын негізге алып, өз порталымызды әзірледік. 19-26 шілде аралығында портал тесттік режимде жұмыс істейді. Осы уақыттың ішінде тауар жеткізуші компаниялар порталды жан-жақты зерттеп, тіркелу және өтінім беруді үйрене алады. Негізі, сайттың интерфейсі жеңіл. Ал шілденің аяғынан бастап біз барлық сатып алуларды портал арқылы жүргізуді бастаймыз», — дейді Б.Шәріп.

Оның айтуынша, sk-pharmacy.ecc.kz сайтына алдымен тіркелу керек. Ол үшін қатысушының цифрлық қолтаңбасы қажет. Осыдан кейін әрбір компания дәрі-дәрмектердің бағасын ұсынады. «Аукцион кезінде ең төмен баға ұсынған компания жеңеді. Бұл дегеніміз, бәсекелестер өз бағаларын төмендете береді. Нақты шектеу жоқ. Кім ең төмен бағамен сатуды ұсынса, сол жеңімпаз атанады», — деп атап көрсетті Б.Шәріп.

Leave A Reply

Your email address will not be published.