Жамбыл облысында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 ғана өтінім түскен

0 6
Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясындағы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының іске аса бастағанына да айға жуықтады. Азаматтар тарапынан үй алуға бар-жоғы 3 өтінім ғана түскен. Ал еліміз бойынша 466 өтініш беріліпті. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев  мәселенің мән-жайын анықтап, жұмысты жандандыру үшін жауаптыларды тағы бір жиып, жиын өткізді. Бұл туралы «ZhambylNews» AA Jambyl телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Үй бар, банктер енжар, ал баспана алуға деген жұрттың құлшынысы төмен. Халыққа жаңа бағдарлама аясында ипотека беруге аймақтағы жеті банктің тек екеуі ғана кіріскен. Екінші деңгейлі өзге банктер әлі дайын емес.

Тұрғын үй сатып алу үшін бағаның ең жоғары шегі біздің өңір үшін 15 млн. теңге деп белгіленген. Яғни, қалтаңызда бастапқы жарнасына құятын 3 млн теңгеңіз болса болғаны. Қалған 12 млн-ды 7 пайызбен 25 жылға асықпай төлей бересіз. Баспана алудың ең оңай механизмі. Билік өкілдерінің айтуынша, бізде дайын да, соғылып жатқан үйлер де баршылықМәселен, жаңадан салынып жатқан 15-ші шағын аудан облыс әкімінің бастамасымен бас жоспарға енгізілген өзгерістерге сай,  келешекте жаңа әкімшілік іскерлік орталығына айналмақ. Мұнда бой көтеретін 289 көпқабатты үйлердің барлығы «7-20-25» бағдарламасымен ипотекаға беріледі. Тағы 235 пәтер қазірдің өзінде дайын тұр. Осы 362 гектар тұрғын  алқапта бұдан бөлек,  320 орыннан 6 балабақша, 1200 орындық 6 мектеп, 12 балалар орталығы мен  емхана және облыстық перинаталды орталық, мешіт, сауда, жастарға арналған ойын-сауық орындары салынбақшы. Жоспарлық есеп бойынша тұрғындар саны 40 000 адамға жетеді деп күтілуде.

Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ – ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

— Ақпараттық жұмыстарды дұрыстап жасауымыз керек. Сіздер талдауды берсеңіздер, біз сонда өз жұмысымызды жоспарлай аламыз. Жоспарсыз, жүйесіз жұмыссыз ары қарай жұмыс та жүрмейді. Біз 25 үй саламыз тағы 10 үй бар, 35 үй. Олардың барлығы бір алқапта салынады. … шешімдер қабылданған өткен отырыста. Жұмысшы топ құрып, соған осы барлық банк өкілдерін тарту бойынша. Ал мынау фронт офис ашу ісін біз қараймыз.

Шаһар билігі Таразда  «7-20-25» бағдарламасымен пәтер алуға болатын тұрғын үй кешендерінің тізімін ұсынды. Мәселен, жаңадан салынып жатқан 15-ші шағын ауданда 555 жеке тұрғын үйлер мен ондаған көпқабатты үйлер осы бағдарламаға қатыса алады. Ең бастысы, қалтаңызда алғашқы төлем жасайтын қаржыңыз болса, болғаны. Жиынға қатысқан банк өкілдері, құрылыс компанияларының  басшылары мен билік басындағылар үй алудың әр тұрғынға қолжетімді болу жағын жан-жақты қарастырды. Алдағы өтетін үлкен жиында бағдарламаға қатысушы тараптарға нақты ұсыныстар дайындау міндеттелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.