Облыстағы орман шаруашылығы мен жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау саласында бақылау күшейтіледі. Ендігі жерде табиғат жанашырларының қызметін құрамы тәжірибелі орманшылардан тұратын Қоғамдық кеңес қадағалайтын болады. Сондай-ақ, өңірде табиғатты қорғау саласында орманды жедел қорғау қызметімен қатар арнайы жедел топ өз жұмысын бастады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өткен жиында айтылды. Бұл туралы «ZhambylNews» AA хабарлайды.
Басқосу барысында Қоғамдық кеңестің құрамы бекітіліп, жедел топтың негізгі міндеттемелері мен оның қызметін ұйымдастырудағы заңдылықтар түсіндірілді. Жедел топ құрамын табиғатқа жанашарлық таныта алатын мамандардан жасақтау жайы да әңгіме өзегіне айналды. Осылайша Жамбылдың тұмса табиғаты мен теңдесіз байлығы саналатын жануарлар, өсімдіктер дүниесін қорғау қызметі жетіле түсті. Жедел топтың міндеттемелеріне айрықша назар аударған облыс әкімі олардың жергілікті жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтау жолындағы жауапкершілік жүгін жете сезіну қажеттігін ескертті. Айта кететін тағы бір мәселе өңір басшысы Асқар Мырзахметовтың бастамасымен арнайы декларация қабылданған болатын. Құжатта аймақтағы аң құстарды сақтап қалу мәселесі көрсетілген. Декларацияға облыс басшысынан бастап, ауыл әкімдеріне дейінгі облыстағы барлық лауазымды тұлғалар қол қойды. Ендігі жерде заңсыз аң аулағандарға қолданылатын шара да қатаң болмақ.