231 қазақстандық Ресейде банкрот деп жарияланған «Натали Турс» туристік агенттігінен жолдама алған, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Шілде айының басында «Натали Турс» туристік агенттігі 4 шілде мен 30 қыркүйек аралығындағы барлық жолдамалардың күшін жойғанын жария етті.
«Екі апта бұрын аталған турагенттікте мәселелер туындаған. Осы аралықта компанияның бірқатар қазақстандық клиенттері жолдамаларынан бас тартып, ұшақ билеттерін қайтарды. Осы компания қызметіне жүгінген қазақстандықтар саны аса көп емес, қазір бұл 231 адам. Өйткені, қазақстандық «Натали Турс» құқықтық тұрғыдан біздің елімізде тіркелген, әрі өзін банкрот деп жариялаған жоқ. Сонда да оған Ресейдегі банкроттық ықпал етуде. Бұл жақсы емес. Өйткені, жағдай әлі белгісіз күйде қалып отыр», — деді Қазақстанның туристік агенттіктерінің президенті Әсел Нұркебаева.
Оның айтуынша, аталған агенттіктің қазақстандық кеңсесі банкроттық жариялаған жағдайда іс азаматтық-құқықтық алаңда шешімін табады.
«Қазіргі қазақстандық кеңсенің директоры ештеңе жасамай отыр. Ол тек кассада ақша жоқ екендігін, барлық қаражатты ресейлік компания кеңсесіне бергенін мәлім етті. Біздің азаматтар ұшақ билеттерін қайтарып, ақшаларын алды. Өйткені, олар чартерлік емес тұрақты рейске тіркелген. Сондықтан, ақшаны қайтаруға мүмкіндік туды», — ддеді Ә. Нұркебаева.
Азаматтарға келтірілген жалпы шығын көлемі туристік компанияның коммерциялық құпиясы болғандықтан жария етілмеді.