Жамбыл облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері орнынан босатылды

0 27

Аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық балалар жұқпалы ауруханасының жұмысымен танысты. Аяқ астынан келген тексеріске ақ халаттылардың абдырап қалғаны рас. Тексеріс кезінде көптеген былықтың беті ашылды. Аурухана басшылығы санитарлық талаптардың сақталуын қадағаламайтындығы байқалды. Бұл туралы «ZhambylNews» AA Jambyl телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәселен, дәрігерлердің бактериялық себу және егу бөлмелерінде тазартқыш құрал-жабдықтарының қоймасына айналдырып алғанын байқауға болады. Кейбір палаталарда емделушілерден алынған сынамалар сол күйі ұмыт қалдырылған. Жұқпалы дертке шалдыққан бүлдіршіндерді емдеуге арналған мекеменің жеделсатылары да істен шыққан. Дәрі құтылары құжаттарға арналған сөре маңында бей-берекет шашылып жатыр. Ал тоңазытқыштардағы көкөністердің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Мұнда жұқпалы ауруды емдеуден бұрын, сау адамның тез ауру жұқтыруы әбден мүмкін. Емдеу мекемесіндегі осындай масқараны көзбен көрген облыс әкімінің орынбасары аурухананың бас дәрігері мен денсаулық сақтау басқармасының басшысына кемшіліктерді тез арада түзетуді тапсырды.

Хамит Мырзақасымов, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

— Айтылған фактілердің бәрі анықталды. Осы фактілерге байланысты денсаулық сақтау басқармасы атынан Жамбыл облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері орнынан босатылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.