Елімізде қай қылмыстар бойынша жаза жеңілдейді

0 10

Қазақстандағы сот-құқықтық реформалар аясында қылмыстық саясатты ізгілендіру шаралары атқарылуда. Осыған байланысты тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілді. Осы айдың соңында аталған өзгерістер күшіне енеді, — деп xабарлайды  «Zhambylnews» AA ҚазАқпарат — қа сілтеме жасап.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Аxметжановтың айтуынша, осы саладағы саясатты ізгілендіру аясында Қылмыстық кодекске 262 өзгеріс, Қылмыстық-процессуалдық кодекске — 45, сондай-ақ, Қылмыстық-атқару кодексіне 9 өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, адам өліміне қатысы жоқ 247 қылмыс бойынша алғаш рет қоғамдық жұмыстар баламалы жаза ретінде қолданылатын болады. Бұдан бөлек, айыппұлдың ең төменгі мөлшері 500 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін (1,2 млн теңгеден 481 мың теңгеге) азайтылады. Енді, оны үш айда емес, алты айда төлеуге болады.

«Осының арқасында мыңдаған адам сотқа жүгініп, айыппұлдың мөлшерін азайтып қана қоймай, оны төлеу мерзімін ұзарта алады», — деді М.Аxметжанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Ал экономикалық қылмыстық бойынша ірі және аса ірі көлемдегі шығынның мөлшері екі есеге артады. Осыған байланысты 2,5 мың сотталған адамның жазасы қысқарады. Олар мүлікті талан-таражға салу мен алаяқтық үшін түрмеге қамалған болатын.

Бұдан бөлек, 12 ауыр қылмыс бойынша судьялар бас бостандығын шектеу жазасын қолдана алады. Аталған қылмыстарға әскери, экономикалық, лауазымдық және мүлікке қатысты заң бұзушылықтар кіреді. Есесіне айыппұлдардың көлемі артады. Ал 2 жылға дейін және алғаш рет сотталғандар қауіпсіздік деңгейі төмен мекемелерге ауыстырылады.

«Жалпы, ізгілендіру шараларымен 5 мың адам қамтылады. Бірақ оларды бір уақытта босатпайды. Соттар өтінімдерді қарауы қажет. Өз шешімін шығаруы тиіс. Айыппұл сала ма, басқа мекемеге ауыстыра ма, осының бәріне біраз уақыт кетеді. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн, адам өлтірген, зорлық жасаған, экстремизм мен терроризмге барған, қарақшылық пен ұрлық жасаған адамдарды ешкім босатпайды», — деп атап көрсетті М.Аxметжанов.    

Leave A Reply

Your email address will not be published.